Ораңғай ауылында орналасқан кәсіпорын биыл 1,5 мың тонна дайын өнімді Ресейге экспорттаған. Тәулігіне 80 тоннаға дейін көкөніс өңдейтін зауыт 18 түрлі өнім шығарады.
2017 жылы құрылған кәсіпорын Ресей мен Беларусьтің озық технологиясымен жабдықталған. Барлық өнім осы жерде жуылып, тазаланады. Одан кейін өңдеу цехына жөнелтіледі. Өндіріс орны сағатына 10 тоннаға дейін дайын өнім шығарады. Қазір мұнда 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кентау ауданының Ораңғай ауылында орналасқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жеміс-жидек пен көкөністі терең өңдейді.
Табиғи таза өнім еліміздің солтүстік өңірлері мен Ресейге жөнелтіледі. Мәселен, биыл 800 тоннаға жуық консервіленген дайын өнім Қызылорда, Петропавл, Қостанай, Павлодар облысына жіберілсе, 1,5 мың тоннасы Ресейге экспортталған.
Зауыт 18 түрлі өнім шығарады.
Зауыт технологы Әбдірайым Сүлейменовтің атап өткеніндей күнделікті 7-8 сағат жұмыс істеп, 70-80 тоннадай өнім өндіреді екен. "Капуста мен сәбіз және асқабақ езбесін дайындаудамыз. Қызанақ пастасын, қиярды тұздап жабамыз. Өрік, алма, жүзім шырынын шығарамыз" дейді ол.
Кәсіпорын басшысы Рысқұл Сүлейменов отбасымен диқаншылықпен айналысады. Жер еміп, жеміс теріп өскен шаруа жалғыз жүріп ештеңе тындыра алмасын білген соң, шағын шаруалардың басын қосуды ұйғарыпты. Рысқұл Сүлейменов, кооператив төрағасы: 27 ұсақ шаруа қожалықтарын іріктеп, ауыл шаруашылығы кооперативін құрдық. Кооперативтің 30-дан аса мүшесі бар. Онда маусымында 50-60 адамға дейін жұмыс істейді. Кооператив өздеріне тиесілі 300 гектар жерге көкөніс егеді, жетпегенін көрші шаруашылықтардан сатып алады.