Кеніштің қалдық сулары өзенге құйылған – ШҚО

Dalanews 23 сәу. 2024 19:47 1998

ШҚО-ның мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Юбилейно-Снегирихинский кенішін жою кезінде Кіші Қарақожа өзенінің ластанғанын анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 
«Қазгидрометтің» облыстағы филиалы өзен суында металдардың көптігін анықтап отыр.
Болжамға қарағанда, «Востокцветмет» ЖШС кенішті жою технологиясын бұзып, салдарынан шахтадан аққан су өзенді ластаған.

Прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдармен, тәуелсіз сарапшылармен, «Востокцветмет» ЖШС-мен бірлесіп, кенішке комиссиялық сараптама жүргізді. Тексеру барысында су шығып жатқан көптеген орындар анықталды. Су кеніш аумағы арқылы ағып, кейін Кіші Қарақожа, Қарақожа, Үбі өзендеріне құйылған.

ШҚО прокуратурасының мәліметінше, экология департаменті жүргізген зертханалық тексеру суда ауыр металдардың (мырыш, кадмий, темір, марганец, т.б.) рұқсатты нормадан 83 мың есе асқанын растады. Сондай-ақ кеніш аумағын рекультивациялау дұрыс жүргізілмеген.Осы заңбұзушылықтарға байланысты ШҚО табиғат қорғау прокуратурасы Астана қаласының экономикалық сотына кенішті жою актісін заңсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгінді. Сот бұл талапты 17 сәуірде қанағаттандырды.
Сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін кәсіпорынның жауапкершілігі туралы мәселе заң шеңберінде шешілетін болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар