Келер жылы Түркістандағы 175 елді-мекен әкімдерінің дербес бюджеті қалыптасады

Dalanews 04 жел. 2018 11:53 811

Түлкібас ауданындағы Шұқырбұлақ ауылы – өзін-өзі басқару жүйесіне енген елді мекендердің бірі. Соның арқасында жұрттың 40 жылдан бергі күткен мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.

Алдымен ауыл ішіндегі жолға ауданнан қаржы бөлініп, асфалт төселіп жатыр. Бұйыртса, келесі жылы жергілікті қордан ескірген бағаналар жаңартылып, жарық орнатылмақ.

Ал Тұрар Рысқұлов ауылдық округіне төрт елді мекен топтасқан. Жеті мыңнан астам халық тұратын ауылда әлеуметтік мәселелер шешілген. Ауызсу әр үйде бар, көгілдір отынмен толық қамтылған. Өзге түйткілдің түйінін жұрт жабылып жүріп бірге тарқатады. Көшелер абаттандырылып, Арадегрлер аллеясы мен Белгісіз солдат монументі демеушілердің арқасында бой түзген. Осылайша жастары үлкендердің кеңесін тыңдайтын ауыл бірліктің бекем мекеніне айналған.

Ауылдағы қордаланған мәселені шешу үшін бұрын әкім ауданға қол жайып қарап отыратын. Енді жағдай мүлдем басқаша болады. Өйткені округ әкімінің өз бюджеті болады. Жергілікті жердің қыр-сырын жақсы білетін басшы ол ақшаны мақсатты жұмсауға тырысады. Өйткені мемлекет қаржысының әрбір тиыны сұралады.

Мақұлбек Аманов, Тұрар Рысқұлов ауылдық округінің әкімі:

Жақында қоғамдық жиналыс өткізіп, бюджетті жобалап, жоспарлап қойғанбыз. Бюджетті 10 млн теңге деп жобалап отырмыз. Бірінші кезекте бұл қаржыны ең қажетті деген салаға – газы бар, суы бар, жолы бар жарығы бар, соған жұмсаймыз.

Еліміздегі өзін-өзі басқару жүйесіндегі жаңалық келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады. Осылайша өңірде жалпы халық саны екі мыңнан асатын 175 елді мекен әкімдерінің дербес бюджеті қалыптаспақ.

Қалған елді мекендер бұл жүйеге 2020 жылға дейін енгізіледі.

Арман Сәбитов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

- Ауылдық округтерде 4-деңгейлі бюджет болған жағдайда, бұларға 6 салық көзі кірістері және төлемдер, айыппұлдар, жарнамаға салынатын төлемдер округ бюджетіне түсетін болады. Оны жергілікті мәслихат бекітіп береді. Қадағалау жұмсау ауыл әкімінің құзырында. Бұл елді мекен, халықтың жағдайын жақсартуға жасалып жатқан жұмыс деп есептеймін.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар