Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, биыл сыртқы және ішкі факторлардың қатар әсер етуі Қазақстанның мұнайдан түсетін табысын арттыруы мүмкін. Оның айтуынша, мұнай нарығындағы қазіргі жағдай ел бюджетіне қосымша қаржы әкелуі ықтимал, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстан сыртқа екі негізгі мұнай маркасын шығарады. Оның бірі - CPC Blend. Бұл - елдің басты экспорттық мұнайы. Сарапшының дерегінше, 2025 жылы Каспий құбыр консорциумы арқылы шамамен 63 млн тонна CPC Blend тасымалданған. Бұл жалпы мұнай экспортының шамамен 80 пайызына тең. Бұл мұнай Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында өндіріледі.
Екінші экспорттық мұнай маркасы - KEBCO. Айбар Олжаевтың айтуынша, 2025 жылы Қазақстан 10 млн тонна KEBCO сатқан. Бұл экспорт көлемінің шамамен 17 пайызына тең. Бұл мұнай "Дружба" құбыры мен Ресейдің Усть-Луга порты арқылы жеткізіледі. Оның сөзінше, KEBCO бренді Ресейге қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін пайда болды. Негізгі мақсат - қазақстандық мұнайды ресейлік Urals маркасынан ажыратып, еуропалық нарықты сақтап қалу.
Сарапшының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан 96 млн тонна мұнай өндіріп, соның 76 млн тоннасын экспорттаған. Сол жылы мұнай секторынан Ұлттық қорға 3,7 трлн теңге көлемінде тікелей салық түскен. Айбар Олжаев теңгенің орташа бағамын ескере отырып, бұл шамамен 7 млрд долларға тең екенін айтады.
Оның есептеуінше, былтыр экспортталған 76 млн тонна мұнай шамамен 560 млн баррельге тең. Ал мұнайдың орташа бағасы 68 доллар болғанын есепке алғанда, әр баррель Ұлттық қорға шамамен 12,5 доллар әкелген.
Сонымен қатар, сарапшы мемлекет мұнайдан тек салық арқылы табыс таппайтынын атап өтті. Қазақстан ірі мұнай жобаларына да қатысады. Оның ішінде Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ және Каспий құбыр консорциумы бар. Бұл жобалардағы үлесті мемлекет атынан "ҚазМұнайГаз" ұстап отыр.
Айбар Олжаевтың айтуынша, "ҚазМұнайГаз" 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекетке шамамен 800 млн доллар дивиденд төлесе, онда әр баррель мұнайдан қосымша шамамен 1,4 доллар түседі. Осылайша, мұнайдың орташа бағасы 68 доллар болған 2025 жылы мемлекет әр баррельден шамамен 13,9 доллар табыс алған. Жалпы табыс шамамен 7,8 млрд доллар болған.
Ал 2026 жылға қатысты болжамға келсек, Айбар Олжаев Brent маркалы мұнай бағасы 100 долларға дейін көтерілмейді деп санайды. Дегенмен, оның айтуынша, баға 75 доллардан төмен түспеуі мүмкін және шамамен 85 доллар деңгейінде қалыптасуы ықтимал. Бұл былтырмен салыстырғанда шамамен 25 пайызға жоғары.
Сарапшының болжамынша, экспорт көлемі сақталса, мемлекет әр баррельден шамамен 17,4 доллар табыс табуы мүмкін. Бұл - жалпы есепте шамамен 9,7 млрд доллар. Оның пікірінше, Ормуз бұғазы маңындағы геосаяси жағдайдың әсері Қазақстанға қосымша 1,9 млрд доллар әкелуі ықтимал.
Сонымен қатар, ол KEBCO мұнайына қатысты салық есептеу тәртібі өзгергенін атап өтті. Бұған дейін экспорттаушылар салықты ресейлік Urals бағасы негізінде төлеген. Енді салық KEBCO бағасына қарай есептеледі.
Айбар Олжаевтың сөзінше, санкциялар әсерінен Urals мұнайы Brent бағасынан төмен саудаланады. 2025 жылы айырмашылық орта есеппен 13 доллар болған. Ал KEBCO бағасы, керісінше, Brent-тен шамамен 3 долларға жоғары қалыптасқан.
Оның пікірінше, салық есептеу тәртібінің өзгеруі нәтижесінде мемлекет қосымша шамамен 300 млн доллар табыс алуы мүмкін.
Сарапшының бағалауынша, Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай мен KEBCO бойынша салықтың жаңа тәртібі Қазақстанға қосымша қаржы әкеледі. Осы факторларды ескергенде, 2026 жылы мұнай секторынан түсетін жалпы табыс шамамен 10,6 млрд долларға жетуі әбден мүмкін.
