«Kazsat» байланыс спутниктері «Ғарыш үйінде» көрсетілді

Ақтоты Жапатова 25 ақп. 2025 15:21 645

Жұмысшы мамандықтар жылына арналған фестивальде ғарыш саласын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэрокосмикалық комитетінің құрамындағы «Республикалық ғарыштық байланысы орталығы» (РҒБО) АҚ келушілерді «Ғарыш үйімен» таныстырды,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

РҒБО инженерлері ғарыш павильоны келушілеріне «Kazsat-3» спутнигінің макетін көрсетіп, ғарыштық байланыс пен хабар тарату жүйесінің жұмысы туралы айтып берді.

Қазақстанның алғашқы ұлттық ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі «Kazsat-2» мен «Kazsat-3» спутниктерінен тұрады, олардың басқаруы Ақмола облысындағы «Ақкөл» ғарыш байланысы орталығы мен Алматы облысындағы резервтік «Көктерек» ғарыш байланысы орталығынан жүзеге асырылады.

«Kazsat-2» және «Kazsat-3» ғарыштық аппараттары геостационарлық орбитада, шамамен 40 мың километр биіктікте жұмыс істей отырып, еліміздің хабар тарату, байланыс және кеңжолақты интернетке қолжетімділік қызметтерінің 100%-ын қамтамасыз етеді», - деді келушілерге Ақкол ғарыш байланысы басқару орталығының (ҒБО) инженері Алишер Садыкбаев.

Спутниктердің ғарышта қалай ұшатыны, жер бетінде ғарыштан сигналды қалай алуға болатыны, РҒБО-на жұмысқа қалай кіруге болатыны және бұған қандай білім қажет екендігі туралы сұрақтар ғарыш павильонының негізгі келушілері -  студенттер мен мектеп оқушылары арасында қызығушылық тудырды.

Бүгінгі күнге дейін «РҒБО» АҚ Казкосмостың табысты кәсіпорындарының бірі болып табылады, ол 20 жыл бойы «Kazsat» ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесін сәтті пайдаланып келеді.

«Kazsat» сериясындағы ғарыштық аппараттардың ресурстары Қазақстан Республикасында тиімді және сенімді спутниктік байланыс арналарының іске асырылуына мүмкіндік берді.

«KazSat» сериясындағы ғарыштық аппараттар Қазақстанның телекоммуникация операторларына, ұлттық компаниялар мен холдингтерге, мемлекеттік органдар мен жекеменшік компанияларға цифрлық телерадио хабар тарату (HD, DTH, IPTV), кеңжолақты интернетке қолжетімділік, деректерді тасымалдау және әртүрлі топологиядағы корпоративтік спутниктік байланыс желілерін ұйымдастыруда үлкен мүмкіндіктер береді.

Қазақстан аумағында ғарыштан сигнал қабылдайтын 16 мыңнан астам жер станциялары орналасқан. «РҒБО» АҚ қызметтерін Қазақстан мен көршілес елдердің 20 телекоммуникация операторы пайдаланады.

«Kazsat» ғарыштық жүйесі — бұл тек ғарыштық байланыс қызметтерін толықтай ұсынумен шектелмей, сонымен қатар мемлекеттің ақпараттық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, ел экономикасына нақты үлес қосуда.

«Қолжетімді интернет» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «РҒБО» АҚ «Kazsat» ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстарын пайдалана отырып, елдің 176 ауылдық аймағына кеңжолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етті.

Қазіргі уақытта «РҒБО» АҚ ұжымы ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесін нығайту бойынша жұмыстар жүргізіп, Қазақстанда заманауи спутниктік жүйелерді қолдану мүмкіндіктерін зерттеп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар