Каспий банк? Әуелі, офшорлардағы ақшаны қайтарсын! - Қосанов

Dalanews 26 ақп. 2021 09:21 932

Президент Тоқаев «Каспи банк» басшыларымен кездесіп, цифрландыру мен қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту туралы мәселені талқылапты.

Сөз жоқ, кездесуде билік бастама көтеріп отырған бір мәселе талқыланғаны сөзсіз. Ол - қолма-қол төлемдерден салық жинау механизмін енгізу. «Каспи банк» осы бағыттың сөзсіз лидері боп отыр емес пе?

Бір нәрсе анық: тиынын санап, онсыз да билікті атарға оқ таба алмай отырған халықтың төлеміне салық салып, ашуландыруға болмайды. Билік бюджетті толықтырғысы келетіні түсінікті. Бірақ ол қолма-қол ақша төлеп, күнін көріп жатқан қарапайым халықтың қалтасына қол салу арқылы жүзеге аспауы тиіс! Керек болса, пайдалы қазбаларды сатып, байып жатқан олигархтарға салынатын салықты көбейтсін. Шетелдегі офшорлардағы қаржыны қайтарсын!

Билік салық жеке адамдарға салынбайды, бизнеске салынады деп жатыр. Бірақ бизнеске салынған қосымша салық ертең автоматты түрде баға мен қызметтің көтерілуіне алып келмей ме? Ол да қарапайым халыққа қосымша соққы болмай ма?!

Бір ғана сұрақ.

Экономиканы, жалпы өмірімізді цифрландыруға міндетті мемлекеттік органдар осы күнге дейін не бітірді сонда?!

Жыл сайын қыруар қаржы жұмсалады. Тұтастай бір министрлік және басқа да мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарды ұстап тұруға ақша бөлінеді. Бюджет есебінен қомақты қаржы қажет ететін цифрландыру бағдарламалары қабылданады.

Осыншама ақша жұмсалған ол құрылымдар қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуда бір жеке банктің шаңына ілесе қалды.


Бәлкім, цифрландыру жөніндегі мемлекеттік саясатты түбегейлі қайта қарау керек шығар?

Түйін. Әрине, жеке меншік, жеке бастама, жеке жобалар керек-ақ. Сонымен бірге мемлекет қауіпсіздігіне тікелей қатысты стратегиялық салаларды цифрландыруда мемлекет өзінің бақылау функцияларынан қол үзбеу керек деп ойлаймын.

Әміржан Қосан


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар