Kaspi алақанмен төлем жасау технологиясын іске қосты

Ақтоты Жапатова 01 қар. 2025 10:25

Kaspi.kz компаниясының басшысы әрі негізін қалаушы Михаил Ломтадзе жаңа инновациялық қызмет — Kaspi Alaqan жүйесін таныстырды. Енді қазақстандықтар алақан биометриясы арқылы, яғни қолын терминалға жақындату арқылы төлем жасай алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа функцияның таныстырылымы 31 қазанда Алматыда өтті. Презентация барысында Михаил Ломтадзе сахнаға UFC жауынгері Шавкат Рахмоновты шақырып, жүйенің қалай жұмыс істейтінін көрсетті.

Шавкат сахнада қол массажерін сатып алып, төлемді Kaspi Alaqan жүйесі арқылы жасады. Бұл – символдық сыйлық болды. Құрылғының бағасы 42 900 теңге болса, Kaspi-дің арнайы жеңілдігімен бар-жоғы 99 теңгеге сатып алынды.

«Бұл смартфонды қалтадан шығарғаннан да жылдам», — деп атап өтті Михаил Ломтадзе. Оның айтуынша, Kaspi Alaqan технологиясы компанияның ішкі қауіпсіздік шешімдері мен Kaspi ID жүйесіне негізделген.

Жаңа сервис 2025 жылдың желтоқсан айында іске қосылады. Алдымен Алматының ірі сауда орталықтарында, кейін бүкіл Қазақстан бойынша қолжетімді болмақ. Сондай-ақ банкоматтарда да алақанмен төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған.

Kaspi өкілдері жүйенің басты артықшылықтары — жоғары қауіпсіздік, жылдамдық және ыңғайлылық екенін атап өтті. Енді пайдаланушыларға карта немесе телефон іздеп әуре болудың қажеті жоқ — төлем жасау үшін алақанды терминалға жақындату жеткілікті.

Kaspi серіктестері үшін алғашқы үш айда 0% комиссия науқаны қарастырылған. Алматыда қазірдің өзінде 20 мыңға жуық жаңа құрылғы орнатылған.

Айта кетсек, алақан биометриясына негізделген осындай идеяны бұған дейін қазақстандық Alaqan стартапы да таныстырған еді. Алайда Kaspi бұл шешімді өз экожүйесіне толық біріктіріп, жаппай қолданысқа дайындап отыр.

Михаил Ломтадзе Kaspi Alaqan технологиясы Қытайда танымал ұқсас жүйелерден инновациялық айырмашылығы бар, әрі қазақстандық нарыққа бейімделгенін айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар