Кәсіпкерлік орта ғылымды коммерциялауға қандай үлес қосуда?

Жарбол Кентұлы 11 қыр. 2024 10:19 1891

Қазақстанда ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру үшін түрлі бағдарламалар мен қолдау механизмдері іске қосылды. Мысалы, «Ғылым қоры» ғылыми жобаларды коммерцияландыруға бағытталған. Бұл қор ғылыми жаңалықтарды өндірісте қолдануға мүмкіндік беретін жобаларға гранттар мен несиелер береді. Негізгі мақсат – ғалымдардың өнертабыстарын экономикалық айналымға енгізу және елдің инновациялық әлеуетін дамыту.

Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары ғылым мен бизнесті байланыстыруда негізгі рөл атқарып келеді. Мәселен, Қазақстанның 2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы технологиялық инновацияларға инвестиция салу және бизнеске ғылыми зерттеулердің нәтижелерін пайдалануға ынталандыруға бағытталған. Бұл бағдарламалар арқылы мемлекет кәсіпорындарға ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу үшін қолдау көрсетеді.

Соңғы уақыттары елімізде ғылым мен бизнес арасындағы байланысты нығайтатын маңызды институттар пайда болды. Елімізде технологиялық парктер пайда болып инновациялық стартаптарды жүзеге асыра бастады. Қазір елордадағы Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің жұмысын жоғары бағалауға болады. Бұл технологиялық парк Қазақстандағы ғылымды бизнеске байланыстырудың генераторына айналып отыр. Мұнда ғылыми және технологиялық стартаптар бизнес өкілдерімен бірлесе жұмыс істеп, инвестицияларды тартады және жаңа технологияларды дамытады.

– Ғылыми жобаларды коммерцияландыру – бұл күрделі, еңбекқорлықты талап ететін және кейде ұзақ мерзімді процесс. Бірақ оның нәтижелері мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Қазіргі уақытта отандық экономиканың басым бөлігі шикізат экспорты есебінен қалыптасуда. Егер бұл іске ғылыми жұмыстарды араластыратын болсақ, экономикамыз еселеп өсері сөзсіз. Сондықтан билік орындары даму институттарымен, ғылыми орталықтармен бірлесіп креативті индустрияларды, ІТ мен инновация салаларын дамытуы қажет, – деді Алматы қаласындағы Кәсіпкерлер палатасының өкілі Нұрсұлтан Шоқанов.

Жалпы елімізде ғылымды коммерциялау ісіне кәсіпкерлер баса көңіл бөле бастады десек болады. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында экономиканың өндірістік секторларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын арттыру мақсатында бизнес пен ғылыми қауымдастық арасында тығыз қарым-қатынас орнату қажеттігін атап өткен болытын. Өз кезегінде шараға қатысқан ғылыми орта мен кәсіпкерлер Президенттің бұл ойын бірден қолдағаны есімізде.  

– Бүгінде ғылым мен бизнес – инновациялық әлеуетті дамытудың негізгі құралы екенін кәсіпкерлер толықтай түсініп отыр. Сондықтан кәсіпкерлер ғалымдармен бірлесіп, ел экономикасын көтеруді көздейтін жобаларға инвестиция құйып, ғылымды коммерциялау ісіне біртіндеп араласып жатыр.  Екі тарап өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асырып, күрделі экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешіп, табысқа жетіп, жаңа жұмыс орындарын құра алатындарына көздері жетіп отыр, – деп «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Dalanews.kz сайтына ойын айтты.

Бүгінде ғылым мен бизнес арасындағы байланыстың нығаюына кедергі келтіріп отырған мәселелер де жоқ емес. Біріншіден, ғылыми зерттеулердің көпшілігі бизнеске қолжетімсіз болып келеді. Өйткені, зерттеулердің коммерциялық әлеуеті төмен немесе оларды өндіріске енгізу ұзақ уақытты қажет етеді. Екіншіден, бизнестің ғылымға қызығушылығы жеткіліксіз, өйткені ғылыми зерттеулердің табысы ұзақ мерзімді перспективада көрінуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлер ғылымға қаржы құйып оны ұзақ уақыт күткісі келмейді.

Сондықтан елімізде отандық ғылымды коммерциялауға ықылас танытқан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастыра бастады. Қазір Қазақстанда ғылыми зерттеулерге арналған салықтық ынталандырулар мен гранттық қолдау жүйесі бар. Айталық, кәсіпорындар ғылыми зерттеулерге инвестиция салса, белгілі бір деңгейде салықтық жеңілдіктерге ие болады. Бұл бизнеске ғылыми зерттеулермен айналысуға және жаңа технологияларды өндіріске енгізуге қызығушылық тудырары сөзсіз Сондықтан кәсіпкерлердің ынта-ықыласын оятатын шараларды көбейте түсудің маңызы зор. Бұл үшін мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жетілдіру, салықтық ынталандыруларды көбейту және ғылыми нәтижелердің өндіріске тезірек енгізілуіне жағдай жасау арқылы қол жеткізуге болады

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар