Кәсіпкер ауылдастарының арақ ішуін және сатуын қалай қойдырды?

Dalanews 28 қаң. 2020 14:08 741

Белглі кәсіпкер Бауыржан Оспанов ауылына мешіт салып, сол мешітке Нұр-Мүбәракті бітірген жас дін қызметкерін бүкіл жағдайын жасап орналастырды.

Бірде ауыл ақсақалдары ақылдаса келіп, ауылдан арақты алып тастайық деп ұсыныс айтыпты. Бұны Алматыда жатып естіген Бәукең, имамға ауылда неше үй арақ сатады, қанша ақша табады, соны біл деп тапсырма береді.

Сөйтсе, отыз шақты үй арақ сатып, ай сайын 200-300 мың пайда тауып отырғаны белгілі болады. Бәукең, сол ақшаны ол кісілерге мен берейін, арақ сатпай-ақ қоюға келіссе депті.


Содан не керек, бәрі арақты алып тастайды. Одан да қызығы, біраздан кейін кәсіпкердің ақшасын алудан бас тарта бастаған. Не болды деп сұраса, арақ сатуды қойған бір кісі, "арақ сатуды доғарғаннан кейін үйімізге береке кірді, көшеде көрінгенмен төбелесіп жүрген балам жұмысқа тұрды, қайтып келіп отырған қызым өз жұбын тапты, күйеуім намазға жығылып, немерелерін ертіп қуанып жүр, енді осының бәрін осы ақша үшін ғана істеген болмайықшы, ниетімізге кесірі тимесін деп алып келдім" депті. Басқалары да соған ұқсас жауап айтқан.

Кейін Бәукең ауылға келіп, бәрін қалай тез көндірдің деп молдадан сұрапты. Сонда жас жігіт жымиып

"Оған біздің әрекет қана емес сіздің қаржыңыз да үлкен үлесін қосты. Мен ол дүкендерге барғанда, өмір бар жерде өлім бар, сөресінде арақ толы үйден біреу қайтыс бола қалса, маған хабарласпаңыздар, көрші ауылдан әкелесіздер ма, әлде басқа жолмен шешесіздер ме, мен жаназа оқуға келмеуім мүмкін деп кеттім, иманы бойынан тарқамаған алақандай ауыл үшін ақтық сапарға абыройсыз аттанудан өткен қорлық жоқ қой, бірден келісіп, ортақ мәмілеге тез келді" депті.


Содан кейін, "Мен де сәл қорқытыңқырап айтқаным ғой, әйтпесе жаназаға бармай қоймаймын ғой" деп күлетін көрінеді.

Қазіргі таңда Бәукеңнің ауылы таулы жер болғандықтан халықтың көбі ара ұстап, кәсіп етеді. Солар үшін Бәукең ауылға үлкен қалалардағы стандарттарға сай келетін цех қойып берген, яғни үйіңнің алдында отырып өніміңді қымбат бағамен өткізуге мүмкіндік бар. Ал ол табиғи бал өнімдері республикамыздың түкіпір-түкпірінде, шет елдерде үлкен супермаркеттерде түрлі-түсті қораптармен сатылып жатыр.

Бүкіл халықты кәсіппен, жұмыспен қамтамасыз етіп, төрт түлігін түгендеп ата кәсіпті жаңа жаһандық үлгіде дамытып, ауыл іргесіндегі орманды қалпына келтіріп, ол жерде бұрын мекендеп қазір жойылып кеткен аң-құстарына дейін түгендеп, Лепсі ауылына үлкен спорт кешенін салып, сосын кейбір облыс орталықтарында жоқ заманауи, интелектуалдық физика мен математиканы тереңдетіп оқытатын мектеп ашып, көпке пана, жұртқа қамқор болып отырған ағамыз бәрімізге үлгі.


Ардақты ақсақалымыз, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров бір сұхбатында, қазақтың бес мың ауылын көтеріп, жолға салып жіберетін бес мың жігіт болса, шіркін, деп, ұлтқа ұран тастағандай сөз айтып еді. Ел аман, жұрт тыныш болса, ол күн де келер, сол кезде сол көштің басында Бауыржан Оспановтардың тұратыны даусыз. Ағамыздың кәсібіне мереке, қос дүниесіне жақсылық тілейміз!

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар