Қарағанды облысында кәсіпкерлерге картопты тауарлық биржа арқылы сатпағаны үшін 69 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасалды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Агенттікке заңбұзушылықтар туралы ақпаратты облыстық прокуратура ұсынған. Айта кетейік, Қазақстанда 2015 жылдан бастап бекітілген тауарлық биржа арқылы сатылуы тиіс өнімдер тізіміне салмағы 60 тоннадан асатын жаңа және салқындатылған картоп партиялары кіреді.
2022–2024 жылдар аралығында биржа туралы заңнаманы бұзған 12 кәсіпкерге хаттама толтырылған. Олардың басым бөлігі заң бұзғанын мойындап, айыппұл төлеуге келіскен. Қазірдің өзінде мемлекет пайдасына 7,3 млн теңге өндірілді.
“Үш кәсіпкерге қатысты жасалған 22 әкімшілік материал сотқа жолданды. Олар өз құқықтарын пайдаланып, сот тәртібімен қарау жөнінде өтініш берген”, – деп мәлімдеді агенттік.
Айта кетейік, 2025 жылдың мамырында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары әртүрлі бағытта өзгерістерге ұшыраған еді.
Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, кейбір азық-түлік тауарларының бағалары арзандады. Мысалы, 2025 жылдың 27 мамырындағы деректер бойынша алдыңғы аптамен салыстырғанда қырыққабат 3,4%-ға, жұмыртқа 0,7%-ға, қарақұмық, макарон және күнбағыс майы 0,1-0,2%-ға арзандаған.
Нан мен күріштің бағасы тұрақты болып, өзгеріссіз қалды.
"Сонымен бірге кейбір өнімдердің бағасы өсті. Соңғы аптада сәбіз 4,2%-ға, картоп 2,8%-ға, пияз 2,5%-ға, тұз 1,6%-ға, сүзбе 0,8%-ға, сүт пен қант 0,3%-ға, май, сиыр еті мен тауық еті 0,2%-ға, ұн мен айран 0,1%-ға қымбаттады", - деп жазылған хабарламада.
2025 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 6,8%-ға өсті.
Бағаларды тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, Қытайдан, Пәкістаннан және Өзбекстаннан ерте пісетін көкөністер жеткізу жұмысы ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта Астанада министрліктің қолдауымен "ҚТЖ Экспресс" АҚ жеткізген 50 рефрижератор контейнер картоп түсірілуде. Жалпы ішкі нарықты өніммен толықтыру мақсатында қосымша 45 мың тонна картоп, 4 мың тонна қырыққабат импортталды.