Карьерасын аяқтаған спортшылар неге шенқұмар?

Dalanews 02 там. 2016 05:20 979

Бүгінде Қазақстандағы дәулетті адамдардың қатарына спортшылар мен әншілер де қосылып үлгерді. Өзге елде спортшылар карьерасын аяқтаған соң, кәсіпкерлікпен айналысып, байлығын еселеп, мемлекетке пайдасын тигізеді. Таяуда кәсіпқой бокстың хас шебері Геннадий Головкин туған жері Қарағандыда жаңадан құрылған өндіріс ошағына инвестор ретінде қатысып, жиған қаржысын салғанын жаздық. Генаның сырттан тапқан қаржысын елге әкеліп, отандық өндірісті өркендетуге жұмсағаны көпшілігімізді қуантқаны анық. 

 

Генадан үлгі алыңыздар!

#dalanews golobkin_boksГоловкин спорттық мансабын аяқтамаған спортшы. Келешекте оны талай белес күтіп тұр. Гена спортта жүріп-ақ өміріне жететін қаржы табатынын бәріміз білеміз. Бірақ ол тек қана спортпен шектелген жоқ. Қазір ол отандық өндірістің бойына қан жүгірткен инвестор атанды.

Ең бастысы Генаның бұл әрекеті өзге спортшыларымызға үлгі болуы тиіс деп есептейміз.

Бізде қалтасы мыс-мыс ақшаға толы, атағы жер жарған спортшыларымыз жетеді. Өкінішке орай, олардың ешқайсысы кәсіпкерлікпен айналысып, елдің экономикасын көтеруге атсалысып жатқан жоқ.

Олардың бизнеспен айналысуға ықыласы жоқ деп айту да қате шығар? Оның үстіне, қазір Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысудың өзіндік қиындықтары бар екенін білеміз. Бірақ олар еңбектеніп, кәсіпкерлікпен айналысса, барлық қиындықты жеңетіні анық.

Спортшыларымыз бір кәсіпті бастаса, қадағалаушы органдар оларды аяқтан шала алмайды. Сондықтан чемпиондарымыздың көпшілігі спорттық мансабын аяқтағаннан кейін кәсіпкерлікке ден қоюы керек деп есептейміз. Бұл олардың азаматтық парызы десек болады.

Иә, атақты спортшылардың мейрамханалар мен дүкендері бар екенін білеміз. Біздіңше, олар мұндай ұсақ бизнеспен тұйықталмай, өндірісті өркендетуге өз үлестерін қосуы керек. Олар шағын зауыттар салып, цехтар ашса елімізде өндірістің түтіні түзу шығатынына сенімдімін.

 

Спортшының шенқұмарға айналғанын халық қаламайды

Ал біздің чемпиондарымыз не істейді? Спорттық мансабы аяқталғаннан кейін шенеунік, депутат болғысы келеді. Көптеген спортшылар заңгер мамандығын сырттай оқып, күштік құрылымдарда жұмыс істеуге құмар. Ал бірен-саран спортшының қылмыстық топтар арасында «мәселе шешуге» маманданып кеткенін де естіп қаламыз.

Талай жастардың кумиріне айналған азаматтардың бір күнде шенқұмарға айналып, жағымсыз ортада төбе көрсетуі еліміз үшін орны толмас өкініш екенін естен шығармайық.

Бүгінде шенділер сайлау кезінде танымал спортшыларды сайлау науқанына тартып, халықтың сеніміне ие болуға тырысады. Бұл – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан дүние. Өз басым саяси ойынға қатысты деп спортшыларды шетінен сөге жамандайын деген ниетім жоқ.

Бір қызығы, кейбір спортшыларға «кәсіпкерлікпен айналысып, қаржы тауып, өзіңізге де, мемлекетке де пайдаңызды тигізбейсіз бе?» деп сұрасаң, олар терең ойдың құшағына беріліп, «мен ақшаға қызыққан жан емеспін, маған халықтың ықыласынан артық ештеңе керегі жоқ» деп өзі де, өзге де түсінбейтін әңгімені айта жөнеледі.

Бұл енді кеңестік жүйеден қалған ескі ұғым-түсініктен пайда болған ой екенін байқаған шығарсыздар. Спортшыларымыз қандай қоғамда өмір сүріп жатқанын әлі де болса жете түсінбейді.

Олар осындай абстрактілі әңгіме айта бастағанда «сайлауға үгітші болғанда халық мүддесін қаншалықты ойладыңыз» деп «встречный» сұрақ та қойғың келіп кетеді.

Кейде тепсе темір үзетін спортшыларымыздың шоу-бағдарламаларға қатысып, алтын уақытын текке кетіріп жүргенін көргенде жының келеді.

Қазір біз нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Кез келген салада жетістікке жеткен адам өзінің ісін, кәсібін бизнеске айналдыруды жатса да, тұрса да ойлауы тиіс.

 

Мықты спортшылар көп, бірақ спорт нысандары тапшы

#dalanews kaz_sport04Эмоцияға берілгіш біздің қоғам бизнеспен айналысқан адамды материалдық игілікке құныққан, байшыкеш деп сынайтыны анық. Жетпіс жыл бойы қарапайым халықтың санасына дендеп енген осы түсінікті сылып тастау үшін спортшыларымыз бизнеспен айналысып, жұртты кәсіпкерлікпен айналысуға үн қосуы керек.

Бүгінде қарапайым халықтың сырт елдерге шығып, ондағы озық мәдениетпен танысатын мүмкіндігі жоқ. Ал спортшыларымыз түрлі жарыстарға қатысып, талай елдерге барып, ондағы жақсы дүниелерді көріп, бойына сіңіреді. Спортшылардың жақсы дүниені, озық мәдениетті елге жеткізетін мүмкіндігі бар. Сондықтан олар өздерін озық мәдениетті жеткізушілер ретінде сезінуі тиіс.

Қазіргі таңда еліміздің қай қаласына барсаңыз да (аудан орталықтарын ауызға алмай-ақ қоялық) спорттық нысандарға мұқтаж екенін байқайсың. Бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастырамыз дегенімізге 20 жылдан асты. Президенттің ел ішінде қолға алған осы бір шаруасына атақты спортшыларымыз қаншалықты үлес қосты деп ойлайсыз?

Спорт саласында көптеген бизнестің түрін ұйымдастыруға болады. Спортшыларымыз неге спорт алаңдарын жабдықтайтын құрылғылар шығарумен айналыспайды? Шағын бассейндер мен алаңдар салып бұқаралық спортты дамытуға өз үлестерін қосса болады ғой. Бизнеспен әрі, өзінің сүйікті кәсібімен айналысып, бір оқпен екі қоянды атар еді. Айта берсең әңгіме көп, ең бастысы атағы жер жарған чемпиондарымыз өздерінің соңында медальдарынан бөлек бала-шағасы айналысатын өмірлік кәсіп, бизнес қалдыруды ойлауы керек.

Жарбол КЕНТҰЛЫ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар