Енді той 22:00-де аяқталады: жаңа ереже күшіне енді

Көркем Алдабергенова 13 қар. 2025 13:20

Қырғызстанда барлық тойлар, ойын-сауық орындары, кафе, мейрамханалар мен түнгі клубтар сағат 22:00-де жұмысын тоқтатуы тиіс. Бұл туралы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл шешім «тыныштық туралы» заңға сәйкес қабылданған.

«Қаулыны қабылдадық, бірақ ол орындалып жатқан жоқ. Мен мұны қайдан білдім? Жақында Бішкекте әріптесімнің тойы түн ортасына дейін жалғасқан, ешкім араласпады. Жалал-Абадта да солай - олардың тойы түнгі он екіге дейін созылған, бірақ ешкім ескерту жасамаған», – деді ол.

Ташиевтің айтуынша, Министрлер кабинеті қабылдаған құжатта жергілікті өзін-өзі басқару органдарының «тыныштық туралы» заңның орындалуын қадағалауға міндетті екені нақты жазылған.

«Жергілікті басшылар, сіздер жазбаша тапсырманы орындамай отырсыздар. Енді ресми түрде тапсырма беремін: барлық жерде сағат 22:00-ден кейін той, ойын-сауық, кафе, мейрамхана, түнгі клубтардың жұмысы толық тоқтауы тиіс. Егер біреу бағынбаса, жарықты ажыратыңдар», – деді ол.

Ол сондай-ақ сағат 22:00-ден кейін мейрамханаларда электр қуаты өшірілетінін қосты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар