Еліміздегі өнер ұжымдарының академиялық атақ алу үшін өзге елде өнер көрсетуі қаншалықты қажет?

Dalanews 02 там. 2016 03:35 907

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Айтбаевтар отбасының шетелде облыстық бюджет есебінен бір ай бойы қыдырып жүргені туралы айтылып қалып жүрді. Бұл жөнінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі әлеуметтік желілерден оқығанын да тілшілермен кездескенде хабарлаған болатын, деп жазады «Тілші».

Мұндай әңгіменің таралуына негіз де жоқ емес еді. Интернет пайдаланушылар Светлана Айтбаеваның инстаграмдағы парақшасынан Францияның бірнеше қаласынан сурет жүктегенін байқаса керек.

#dalanews berdibek_saparbayev– Қанат пен Светаның Францияға барып, қыдырып қайтты деген дұрыс емес. Өйткені, ол елде үлкен мәдени шара өтіп жатты. Тоғыз күн бойы ақтөбелік өнер адамдары біздің еліміздің мәдениетін насихаттап қайтты. Айтбаевтардың бюджет қаражаты есебінен демалып жүргені жайлы жазбаларды әлеуметтік желілерден оқыдым. Дегенмен, тапсырма беремін, қараймыз, – деді Бердібек Сапарбаев.

Енді мән-жайды әнші, облыстық мәслихаттың депутаты Светлана Айтбаеваның өз аузынан естиік:

– Бізде Ақтөбеде Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халқы аспаптары оркестрі бар. Мүмкіндік туындап, Францияның бірнеше қаласында өнер көрсету керек болды. Сапарымызды ұйымдастыруға облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың еңбегі сіңді. Өйткені, үлкен ұжымның шетелге шығып, өнер көрсетуі, айналып келгенде, қаржыға тіреледі. Оның үстіне, оркестрдің академиялық атағы жоқ екен. Ондай атаққа ие болу үшін шетелде өнер көрсету керек деген критерий бар, – дейді Светлана Айтбаева «Тілшіге» берген сұхбатында.

Әншінің айтуынша, Ахмет Жұбанов атындағы халық аспаптары оркестрінің өзге мемлекетке шығуына соңғы он үш жылда алғаш рет мүмкіндік туындаған.

#dalanews aitbayevtar– Филармония басшылығы құжаттар рәсімдей бастады. Ұжым болып өнер көрсетсек те, жеке ән орындасақ та, менің кандидатурам, сөзсіз өте берді. Бас тартпадым. Өйткені, ұжымды жерге қаратқым келмеді. Сөйтіп, виза әзірлене бастады. Ол уақытта Қанат та Францияға барады деген әңгіме болмады. Облыс басшысының рұқсатымен мəдениет басқармасына жетекшілік ететін Қанат та баратын болды. Екеуміздің бірге баратынымыз туралы о баста əңгіме болмады, – дейді Светлана Айтбаева.

Ақтөбеден барлығы 30-дан астам өнер адамы 9 күн бойы Францияның тоғыз қаласында өнер көрсетеді.

– Француздарды, жалпы аталған мәдени шараға қатысуға келген қонақтарды да, опера, ария дегенмен таңқалдыра алмайсың. Үлкен шығармалар орындадым деп айта алмаймын. Ол жақта қазақтың халық әндерін, фольклорды тыңдайды. Оңаша қалғанда «Қазақстанда қадірі болмаған «Сәулем-айдың» бағы жанды-ау» деп, әзіл-шыны аралас айтқандар да болды. Әр қаласында кемі екі-үш мың көрерменнің алдында өнер көрсеттік, – дейді әнші.

Ақтөбелік өнерпаздар негізгі бағдарламадан тыс білім ордалары мен әлеуметтік нысандарда да концерт қойған. Әрбір концертте елімзідің көк байрағы желбіреп тұрған.

– Біраз тер төктік деп елге мақтаныш сезіммен оралғанымызда, жаңағыдай әңгімені естіп, біртүрлі болып қалғанымыз рас. Өз басым кішкене ренжідім де. Бізде мәдениетке, өнерге қолдау көрсету дегеннің деңгейі солай болғаны шығар. Сырткөзге демалып жүрген сияқты болып көрінгенімізбен, біздер үлкен еңбек еттік деп ойлаймын. Қазақтың ұлттық көйлегімен сахнада тұрып, сәл қателессек, не болғаны?! Уайымдайсың. Концерт соңынан концерт. Дайындық жұмыстары өз алдына. Францияның белді басылымдары біздің өнер ұжымымыз туралы қанша мақала жазды, — дейді әнші.

Светлана Айтбаеваның айтуынша, Францияға Димаш бармаған.

– Кезінде Димашқа жүлделі орынды әке-шешесі тамыр-таныстықпен алып берген ғой деген де, алдымен, өзіміздің адамдар. Баламыз, әрине, ренжіді. Онымен өнер жолының оңай еместігін ерте сезініп өскен оның салы суға түспей, керісінше, өзге де үлкен байқауларда еліміздің абыройын асқақтатып жүр емес пе?, – дейді ол «Тілшіге» берген жауабында.

Өнерлі отбасының сөзге қалуы алғаш емес. Осыдан санаулы жыл бұрын отағасы Қанат Айтбаев Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияға жетекшілік етеді. Кейін, бір себептермен қызметтен босайды.

– Рас, жергілікті басылымдардың бірінде Қанат әйелі Света мен баласы Димашты қасына жұмысқа алыпты деген ой тастапты. Бірақ, мен ол жерде жиырма жылдан бері еңбек етіп келемін ғой. Жиырма жыл бойы филармонияның ұжымымен өнер көрсетіп жүрмін. Димаш та әкесі басшылыққа келгенше филармонияда жұмыс жасап жүрді. Енді ел айтты деп, осынша уақыт еңбек еткен филармониямды тастап кете алмаймын ғой. Жиырма жыл бұрын 30 адам болып бастаған едік, бүгінде ұжымда 200-ден астам адам бар. Жолдасым бір жыл директор болғанда сөз ерді екен деп, филармонияны тастап кете алмаймын, – дейді Светлана Айтбаева.

Əнші оркестрдің академиялық атақ алса деген тілегі барын жасырмайды. «Академик Ахмет Жұбановтың атындағы ұжымға мұндай артық болмас еді» дейді əнші.

 

Асқар Ақтілеу

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар