Әлемге Ye есімімен танымал америкалық рэпер Канье Уэстің Ресейде өтуі жоспарланған концерттері өтпейтін болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Санкт-Петербургтегі «Газпром Аренада» 10 және 11 қазан күндері ұйымдастырылуы тиіс болған концерттердің өткізілмейтіні белгілі болды. Стадион әкімшілігі ұйымдастырушылармен келісімшартқа қол қойылмағанын мәлімдеп, сондықтан алаңда концерт өткізу мүмкін емес екенін хабарлады.
Алайда шараны ұйымдастырумен айналысқан Say Agency компаниясы бұл ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана білгенін айтып отыр. Компания өкілдерінің сөзінше, арена басшылығымен келісімшартқа 27 тамызға дейін қол қою жоспарланған және концерттердің тоқтатылғаны туралы ешқандай ресми хабарлама алмаған.
Қазір «Газпром Аренаның» ресми сайтынан концерт туралы хабарландыру алынып тасталған. Соған қарамастан ұйымдастырушылар билеттерді сатуды әлі тоқтатпаған. Бұған дейін екі концертке 100 мыңнан астам билет сатылғаны хабарланған еді.
Соңғы жылдары Канье Уэстің концерттері оның түрлі даулы мәлімдемелеріне байланысты бірнеше елде тоқтатылған. Атап айтқанда, музыкантқа Ұлыбританияға кіруге тыйым салынып, Польшадағы концерті де өткізілмеген болатын.
Еске салсақ, биыл тамыз айында Канье Уэст Алматыда өнер көрсеткен еді.