Канделаки провокациясы Кремль келісімімен жасалған - ресейлік БАҚ

Dalanews 24 қаң. 2024 16:25 2964

Ресейлік журналист Тина Қанделаки әнеукүнгі мәлімдемесінен кейін "қара тізімнен" бір-ақ шығып, Қазақстанға кіруіне тыйым салынған болатын.

Көршілес елдің ақпарат кеңістігін сүзіп шыққан Dalanews.kz ресейлік медиа кеңістікте Астананың үкіміне наразылық көбейгенін аңдады.

Ресейлік телеграм арналардың контентіне қарап-ақ, бұл жайт пропағанда өкілдерінің шымбайына батқанын байқауға болады.

Кешелі бері атышулы Марғарита Симоньянмен аффирленген арналарда "Қанделаки мәлімдемесі бітеу жараның аузын ашты" деген сарындағы контент саны күрт көбейген.

Ресейлік пропаганданың пайымдауынша, Қанделакиді "шеттетудің" артында мемкеңесші Ерлан Қарин бастаған саяси аренадағы салмақты фигуралар тұр.

"Орыс тілін тұншықтыру саясаты мемлекеттік деңгейде жүріп жатыр. Қазақстан осы әрекетімен Мәскеуге қыр көрсетуде. Тоқаев Ресейдің соғыс салдарынан аз-кем әлсірегенін ұтымды пайдаланып, АҚШ пен Батыстың көңілінен шығуға тырысуда", - дейді Кремльге бағынышты медиа.

Қанделакидің "қара тізімге" енгеніне қапаланып жатқан ресейлік БАҚ бұл мәселеге Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың араласуын сұрап, Тина ханымға араша түсуін талап етуде.


Кремльден тарайтын инсайдерлік ақпаратты аңдып отыратын "Преемник" арнасына белгілі болғандай Қанделаки мәлімдемесі Мәскеудің нұсқауымен жасалған.

Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ниқолай Пәтрушевпен аффирленген арна:

"Тинаның Қазақстанға қарай "абалауы" тегін емес. Мұны кезекті хайп деп ойласаңыз, қателесесіз. Мәскеу Тинаны ұтымды пайдалана біледі және қажет кезінде іске қосты.

Осылайша ішкі-сыртқы саясатта дербес шешім қабылдап, Кремльдің экономикалық мүддесіне кереғар келіп жатқан Тоқаевқа ескерту жасады. Ресей Астанаға экономикалық шешім қабылдауда теріскейге көңіл бөлу қажеттігін еске салды. Әлбетте, тіл мәселесі де актуалды. Алайда "тіл факторы" Путинді аса қатты толғандырып отырған жоқ.

Кремль идеологтары Тинаны мақсатты түрде таңдап алды. Қазақ ұлтшылдары Қанделакиге "орыс шовинисі" деген айдар таға қалмайды. Тегі грузин азаматын шовинист деп айыптауы орынсыз болар еді", — дейді.

Мәскеу Астана сабасына түсіру үшін пропағандистерді айдап салатын әдісті талайдан бері қолданып келеді. DALA INSIDE телеграм арнасына мәлім болғандай Ақорда мұндай арандатуға лайықты жауап беретін механизмдер әзірлеу үстінде.

https://dalanews.kz/sadak/98324-qazaqstandagy-iri-zhobanyng-artynda-pu

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар