Канада парламентінде депутат сөз сөйлеп тұрып ChatGPT жауабын байқамай оқып кетті

Канада парламентінде депутат сөз сөйлеп тұрып ChatGPT жауабын байқамай оқып кетті
Видео кадры

Канаданың Нью-Брансуик провинциясының парламентінде күтпеген жағдай болды. Депутат Билл Оливер парламент мінберінде сөйлеп тұрған кезде ChatGPT жасаған мәтіннің бір бөлігін байқамай дауыстап оқып жіберген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ол сөз арасында: «Міне, бұл бөлімнің қысқа тармақтар жиынтығы емес, парламенттік сөзге көбірек ұқсайтын табиғи әрі жатық нұсқасы», – деп айтқан. Бұл сөйлемнің өзі ChatGPT ұсынған жауаптың кіріспесі болғаны байқалады.

Болжам бойынша, жасанды интеллекттің жауабы сөз мәтініне кездейсоқ енгізіліп кеткен. Парламент отырысы кезінде бұл қателікті ешкім аңғармаған. Алайда жиынның бейнежазбасы жарияланғаннан кейін аталған сәт әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қызу талқылана бастады.

Әзірге сөз мәтінін ChatGPT арқылы депутаттың өзі дайындағаны немесе оны көмекшілері әзірлегені белгісіз. Билл Оливер бұл оқиғаға қатысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.