Канада отқа оранды: 20 мың тұрғын эвакуацияланды

Канада отқа оранды: 20 мың тұрғын эвакуацияланды
pixabay.com

Канаданың Британдық Колумбия провинциясында орман өрттерінің өршуіне байланысты төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өрт салдарынан 20 мыңнан астам адам үйлерін тастап, қауіпсіз жерге эвакуацияланды. 

Өрт әсіресе провинцияның оңтүстігіндегі Сазмерленд пен Пичленд аудандарына қауіп төндіріп отыр. Жылдам таралған Bald Range өртінің аумағы 10,3 мың гектардан асты. 

Билік Сазмерлендтегі шамамен 12 мың тұрғынды эвакуациялау туралы бұйрық шығарды. Пичленд маңында да мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Сонымен қатар тағы мыңдаған тұрғынға эвакуацияға дайын болу туралы ескерту жасалды. 

Канаданың федералдық үкіметі Британдық Колумбия билігінің көмек көрсету туралы өтінішін мақұлдады. Эвакуацияланған тұрғындарды орналастыру және оларға қажетті жағдай жасау үшін федералдық қолдау көрсетілмек. 

Өңірде аптап ыстық пен құрғақ ауа райы өрт сөндіру жұмыстарын қиындатып отыр. Қалың түтін мен ауадағы турбуленттілік әуеден жүргізілетін жұмыстарға да кедергі келтіруде. Өртпен күреске Канададан бөлек Аустралия, Жаңа Зеландия және Мексика мамандары да тартылған.