Dalanews.kz бүгінде Орал қаласындағы №5 емханаға басшылық ететін Тимур мырзаға хабарласып, отандық медицинаның жай-жапсары төңірегінде аз-кем әңгіме құрды.
Алдымен біздің кейіпкерімізді таныстыра кеткеніміз дұрыс болар. Тимур Әжіғалиев 2019 жылы ел көлемінде "Үздік жас дәрігер" атанып, сол жылы Президенттік резервке кірді.
"Дәрігерліктің қаншалықты ауыр, жауапты кәсіп екенін айтып жатудың өзі артық. Бұл салада мықты маманға айналу үшін медицинаның отымен кіріп, күлімен шығуға дайын болу қажет. Мұны өмірлік мектеп деп атайды.
Өз басым жас дәрігерлерді ауылға жіберіп, біліктілігін көтеру, тәжірибесін шыңдау тәсілін құптайтын азаматтардың бірімін. Өз басым осы өткелден өттім. Бөкейорда ауданында кәсіби қызметімді бастап, мол тәжірибе жинадым", – дейді дәрігер.
Тимур Президенттік кадрлық резервтің құрамына оңайлықпен кірген жоқ. Мұндай жетістікке жетуде талмай еңбектеніп, үнемі ізденіс үстінде жүрді. 2013 - 2016 жылдары Бөкейордасындағы орталық ауруханада хирург болып қызмет атқарған ол аталған кезеңнің ауыртпалығын келесідей етіп еске алады.
"Жас дәрігерлердің көпшілігі облыстан, қаладан ұзағысы келмейді. Көпшілігі аудандық жерде өзіне жүктелер жауапкершіліктің жоғары болатынын түсінеді, сол себепті аудан-ауылдарға барудан бас тартып жатады. Негізі, бұл қате үрдіс.
Шалғайда жұмыс істейтін дәрігер өмірдің ащысы мен тұщысын, ыстығы мен суығын сезінеді, халықпен сөйлесіп үйренеді. Ең бастысы шешім қабылдайтын қабілетін жетілдіреді", – дейді маман.
Оның атап өткеніндей шалғайда жұмыс істеп, тәжірибе жинаған дәрігерлер өзінен өтілі үлкен әріптестерінен ақыл сұрап, арқалана алмайды. Әр уақытта өзінің түйсігіне сеніп, маңызды шешім қабылдайды. Бұл өз кезегінде медицина маманының дәрігер ретінде шыңдалуына жол ашады.
"Өңірдегі әріптестерім мені денсаулық сақтау саласының менеджері ретінде қабылдайды. Себебі, аталған саланың кем-кетігін жақсы білемін. Ілгеріде айтқандай дәрігерлік жұмыстың барлық баспалдағынан өттім.
2019 жылы "Senim" денсаулық сақтау жүйесіне қарасты жастар кеңесінің төрағасы болып тағайындалдым.
Өз басым дәрігерлер үздіксіз оқып, тоқуы керек деп есептеймін. Соның есебінен маман дағдарысқа ұшырамайды. Әрдайым кәсіби білігін жетілдірген дәрігер сұраныстан қалмайды. Әлбетте, бұл принципті алдымен өзіме қолданамын. Дәрігерлік машығымды дамытуға мүмкіндік беретін тренингтерден қалыс қалған емеспін.
Соның арқасында 2019 жылы "Үздік жас дәрігер" атандым. Кейін тәуекелге бел буып, Президенттік кадрлық резервке кіруге талпындым. Бұл әрекетім де берекелі болды. Осы байқауда іріктелген 300 кадрдың құрамына енгенім мен үшін зор мотивация", – дейді маман.
Тимурдың атап өткеніндей осынау резервке өткен жастардың барлығында Жаңа Қазақстанды құруға деген ұмтылыс бар. Соның ішінде медицина саласы бойынша іріктелген мамандар еліміздегі медицинаның деңгейін әлемдік стандартқа бейімдеуге мүдделі.
"Медицинадағы сақтандыру жүйесі, осы саладағы бизнес-үрдістерді дұрыс жолға қойған кезде медкөмектің сапасы пен қолжетімділігі жақсарады. Бұл туралы президент Тоқаевқа да өз пікірімді айтқанмын. Медициналық сервистің түзелуі халықтың отандық мамандарға деген сенімін арттырады. Айналып келгенде мұның барлығы елдің көңіл-күйіне, қоғамдағы атмосфераға оң әсер ететін фактор", – дейді маман.