Кабинеттегі зорлық ісі: полицияның экс-бастығы жәбірленушіге 40 миллион беріп, өзі алданып қалған

Көркем Алдабергенова 24 мам. 2024 14:28 54828

Бір ай бұрын Талдықорғандағы полиция бөлімінің бастығына қатысты сот үкімі шыққан болатын. Марат Күштібаев кабинетінде қыз зорлағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Orda.kz мәліметінше, Күштібаев әйелі арқылы жәбірленушіге 40 миллион бермек болған. Қазіргі таңда осы дерек бойынша судьяның хатшысына қатысты тергеу басталған, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Атышулы іс былтыр қарашада болған еді. Жоғары шенді шенеунік қызды қызметтік кабинетінде зорлаған. Жәбірленуші – Талдықорғанның 27 жастағы тұрғыны. Ол полиция бөліміне түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін әкелінген болатын. Полиция бастығы жәбірленушіні кабинетіне шақырып, артынша интим байланысқа түсуді ұсынып, істі жауып беретінін айтқан. 27 жастағы қыз бас тартқанымен Күштібаев мұнымен тоқтап қалмаған.

Сот үкімі шығардан екі апта бұрын Күштібаевтың әйелі Талдықорғандағы қалалық соттағы хатшы арқылы келісімге келмек болған болып шықты. Олар жәбірленуші айғақтарынан бас тартса,  40 миллион теңге береміз деп уәде еткен.

Құқық қорғау органдарындағы дереккөздер адвокат пен Күштібаевтың әйелі сот қызметкерімен бұл іс сотқа түскенге дейін байланыста болғанын айтады. Ерлі-зайыпты жәбірленуші қызды көрсеткен айғақтарынан бас тартуға көндірмек болған. Егер жәбірленуші келіскен жағдайда экс-полиция бастығы айыппұлмен немесе жарты жыл бас бостандығы шектелу жазасымен құтылып кетер еді.

Жәбірленуші қыз айғағын өзгертуге келіскендей болады. Ол қомақты соманы 17 сәуірде алады. Тіпті оған сотта не деп айту керегі де түсіндірілген. Алайда сотта жәбірленуші қыз айғақтарын өзгертпей, зорланғанын айтады. Ақшаны қайтаратынын айтып, артынша жоғалып кеткен.

Кейіннен Күштібаевтың әйелі жәбірленуші қыздың жігітіне миллион теңге беріп, кездесу ұйымдастыруын сұраған. Алайда оның бұл ісі де орындалмай қалған.

Сот үкімі шыққаннан кейін Күштібаевтың туыстары судьяның хатшысынан 40 миллион теңгені қайтаруын талап етеді. Ол ақшаны қайтара алмай, Күштібаевтың әйелі полицияға арыз жазған. Енді Талдықорғандағы қалалық соттың судьясына қатысты тергеу басталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар