Мен өзімді жалынды пантүркистер қатарына қоса алмаймын, бірақ Жириктің төмендегі сөз ұнады. Сондағы Жириновский сөзінің қысқаша мағынасы мынадай:
«Түркілердің саны 200 миллион, олар Әрмендерді қайтсын, тегістеп өтеді, одан соң бұлар келешекте әскери одақ құрып, іргемізге келеді. Кейін олар Қытайдың батыс өлкесіне басып кіріп, Қытайды тас-талқанын шығарады. Түркілердің ортақ тілі бар. Түрік тілі дегеніміз – әзірбайжан тілі, түрікпен тілі, қазақ тілі, башқұрт тілі, өзбек пен татар тілі, бұларды тағы дін біріктіреді» деп оңды-солды ойбайлады Жириновский.
Ресейдегі Жириновский дегеніміз кім? Ол – өмірі іштен тынып үндемей отыратын Кремльдің ойын сыртқа лақ еткізіп шығара салатын балаболдардың біреуі. Ол осы сөздерімен мына жерде Кремльдің қазіргі жай-күйін көрсетіп отыр.
Меніңше, Мәскеу Таулы Қарабақтағы қорқыныш пен үрейден әлі өз-өзіне келе алмай отыр. Путин бір шықты да «біз жанжалға килігетіндей соғыс Әрмения территориясында боп жатқан жоқ қой» деді. Оны естіп Пашинян тіпті түңіл кеткені анық.
Маскүнем, алқаш Ельциннің өзі кезінде Әрменияға Таулы Қарабақты тартып алып берген болатын. Ал мына жерде «мәңгілік», «құдіретті» Путин... төмен қарап отырып қалды.
Сөз жоқ, Анадолыны арқаланған Әзірбайжан әлемге жаңа соғыс тактикасын көрсетті. Бұндай соғысты бұрын соңды кім көрген өзі..
Соғыс бастала салысымен алғашқы күндері бүкіл әскери техникасынан айырылып қалып, тіпті сарбаздарын да тасымалдай қалуға шамасы келмей қалу деген сұмдық қой. Әрмендер қазір сөйтіп күйреп отыр.
Әзірбайжан әскері жылт еткенді, қылт еткенді дрондарымен қағып тастап бас көтертпей жатыр. Ал қарсыласына ол дрондарды атып түсіру деген тіпті мүмкін емес нәрсе.
21 ғасырдың соғысы шамамен осындай болмақ... Танкімен митыңдап, БТР-ды жағалап, оның артынан уралап жүгіріп, қыратқа таласу дегеніңіз артта қалды (Бірақ орыстар әлі солай соғысады).
Қазіргі соғыстарда кім заманауи технология иеленіп көк аспанды билейді, сол соғыстың тағдырын шешеді.
Калашников деген орыстың ТМД істері жөніндегі бір депутаты бар-тын.
Ол бұрын Украин жанжалы кезінде өздерінің мақталы ток шоуларында ауыздары көбіктеніп жұртты сөйлетпей байбалам салатын оңбаған импершілердің бірі еді. Сол кеше жуасып қалыпты.
"Бір үлкен соғыс келе жатқан сияқты елімізге, бірақ... Одан соң біз ел ретінде тарқап кетеміз бе, баяғыда Совет үкіметі күйремей тұрғанда, кім ойлаған оны тарқайды деп, қазіргі жағдайымыз соған ұқсап барады. Бізді бір мезетте жан-жақтан қыса бастады. Беларусь, Әзірбайжан - Әрмения, Қырғызстан... Бұны кездейсоқтық деп айтуға болмайды, тегін емес» деп желкесін қасыды орыстың импершіл депутаты.
Қысқасы, орыс қазір кәдімгідей сасқалақтап отыр.
Олжас ӘБІЛ