Британдық The Telegraph пен openDemocracy: "Jysan-ның түп иесі - Назарбаев. Компания әулеттің активін басқару үшін құрылған..." деп жазған. Мұны жалған деп мәлімдеген компания жалма-жан сотқа жүгірген.
"Күні кеше осы істің алғашқы раунды өтіп, бастапқы кезеңде Jysan Holding жеңіп кетті", - деп хабарлайды DALA INSIDE телеграм арнасы.
Арнаның жазғанындай холдингтің қорғаушылары компанияның экс-президентке қатысы жоғын айтып, ақ тер, көк терге түскен.
"Назарбаев отбасының активін сақтаумен айналыспаймыз. Әлгі ақпараттың кесірінен холдингтің беделіне дақ түсті. Британиядағы бірқатар жобалар жүзеге аспай, кібіртіктеп қалды», - дейді олар.
"Сот барысын бақылап отырған бізге бұлардың тезистері таңсық емес. Формалды түрде, Назарбаев та, оның көмекшілері де еш жерде емес, Жусан тақырыбына мүлде қатысы жоқ. Компанияның мекенжайы да Қазақстаннан жырақта, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген
"Jysan Holding" өз кезегінде "New Generation Foundation" қорына қарайды. Бұл қор өткенде ғана "NU (Nazarbayev University) Generation" деп аталатын.
Назарбаевтың атын Жусанға қатысты барлық жерден алып тастау операциясы аясында қордың аты өзгерді, оның басшылығынан Қазақстан азаматтары, кезінде Назарбаевтың жанында жүрген көмекшілері Ербол Орынбаев, Аслан Сәрінжіпов, Рүстем Хамзин, Евгений Пан түгел кетті. Оның орнына басқармаға американ лоббистері келді. 2000 жылдары бізде Білім және ғылым министрі болған Нұралы Бектұрғанов қана қалды. Бірақ ол да АҚШ азаматы", - деп жазады осы орайда DALA INSIDE.
Бұл жайттан секем алған британ басылымдары:
"Jusan Назарбаевқа тиесілі 7,3 млрд долларды сұқ көзден сақтау үшін құрылған. Холдинг экс-президенттің Британ жеріндегі сандығы сынды. Қазақстанның қазба байлығын оңды-солды сатып, шаш етектен пайдаға кенелген әулеттің активі осы сандықта "сүрленіп" жатыр" деп мәлім еткен.
Назарбаевтардың бизнес-империясын әшкерелеген материалдың соңы жанжалға ұласып, Jusan-ның сотқа шағымдануына алып келген.
Даулы істің алғашқы раунды холдингтің жеңісімен аяқталды. Судиа Жереми Жонсон британдық басылымдардың ақпараты «айыптау сарынында жазылған» (трактовкасы) деген холдинг өкілдерінің сөзін сөйлеп кетті.
Өз кезегінде The Telegraph пен openDemocracy Jusan-ның әрекетін сөз бостандығын шектеу деп бағалап, мақаладағы Назарбаевқа қатысты фактілерді алып тастаудан бас тартты. Бұл Назарбаевтармен байланысты делінген холдингтің түпкілікті жеңісі емес. Британ басылымдары ақырына дейін арпалысуға дайын отыр.