"Жұрттың бәрі Жәкішев емес". ҚазАтомӨндірістің "токсичный" активтерден тазарғаны кімге керек?

Dalanews 05 мау. 2023 06:41 1074

Естеріңізде болар, Мұхтар Жәкішев абақтыдан босап шыққаннан кейін досы Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында өзін «ҚазАтомӨндіріс» компаниясына басшы етіп тағайындағанда, оған сол кездегі Үкімет басшысы Нұрлан Балғымбаев кәсіпорынды банкроттық деңгейге жеткізіп, тарқатуды тапсырғанны айтты емес пе?

Бірақ Жәкішев шала-жансар күйде жатқан кәсіпорынның бойына қан жүгіртіп, әлемдік деңгейдегі алып кәсіпорынға айналдырғанын бәріміз білеміз.

Егер сол кезде Жәкішев Балғымбаеевтың айтқанын екі етпей орындап, «ҚазАтомӨндірісті» құрдымға құлатып жібергенде бізде атом өндірісі мүлде болмас еді.

Ал қазір ғой, «Қазақстан әлемде уран өндіру бойынша бірінші орында тұрған ел» деп бәріміз әңгіме айтқанда кеудемізге нан пісердей болады.

Тұтас қазақ мақтанатын алып кәсіпорынды аяққа тұрғызған Жәкішевке алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Егер кезінде Назарбаев режимі Жәкішевтің соңына шам алып түсіп, түрмеге тоғытпағанда «ҚазАтомӨндіріс» бұдан да қуатты, «Росатомның» алдында мүлде бас имейтін әлемдік компанияға айналар еді.


Мұны біз айтпасақ та, көпшілік жақсы біледі.

Біздің айтпағымыз басқа. Таяуда сапарлап жүріп «ҚазАтомӨндіріс» компаниясында жұмыс істейтін таныс жігітпен кездесіп қалдық. Біраз әңгіме айтылды.

Бір сәтте есіме соңғы уақыттары Ақтау қаласындағы су тұщытатын МАЭК кәсіпорыны қатысты біраз әңгіме айтылғаны есіме түсіп, әлігі танысқа:

– Бәленшеке, Ақтаудағы МАЭК «ҚазАтомӨндіріске» қараушы еді. Ондағы жағдай қалай? Өткенде кәсіпорынға қатысты ақпарат құралдарында біраз әңгіме тарағанын байқадым. Ол жақтағы жағдайы қалай? – деп танысыма сұрақты төтесінен қойдым.

– Ой, қазір МАЭК «ҚазАтомӨндіріске» қарамайды. Сондықтан ондағы жағдайдан хабарсызбын, – деп танысым әңгімені қысқа қайырды.

– Сонда қалай... МАЭК қазір қайда қарайды?

– «ҚазАтомӨндіріс» Лондондағы қор биржасына шығар алдында өзінің «токсичный» активтерінен құтылу турасында шешім қабылданған-ды. Менің білуімше, сол кезде МАЭК бірінші кезекте ҚР Энергетика министрлігіне берілді, артынша Маңғыстау облысы әкімдігінің балансына өтті, – деп танысым өз білгенімен бөлісті.

Сол сәтте жардың жағасында, тарқаудың аз-ақ алдында тұрған «ҚазАтомӨндірісті» банкрот қылмай, жан-жақты жұмыс істеп, алып кәсіпорында терең шыңыраудан сүйреп шыққан Мұхтар Жәкішевтің бейнесі көз алдыма елестеді.


Егер Жәкішев тағы 5 жыл «ҚазАтомӨнідірісте» жұмыс істегенде Ақтаудағы МАЭК те қолдан-қолға өтпей, табысты кәсіпорынға айналар ма еді деген ой санамда қылаң бергенін жасырып қайтейін. Бірақ ол ойды ескі танысқа айтуды артық санадым...

Иә, «ҚазАтомӨндірісті» ми батпақтан суырып алған Жәкішев Ақтаудағы МАЭК-ті «токсичный» күйге түсірмес еді ғой. Бірақ жұрттың бәрі Жәкішев емес қой. Айтқанға көнбей, демі таусылардың сәл алдында тұрған компанияға жан бітірді емес пе?

«ҚазАтомӨндіріс» кәсіпорыннің Лондон қор биржасына шыққаны жақсы. Бірақ алып кәсіпорынның әлемдік аренаға шығу үшін өзіне тиесілі салалық кәсіпорынды сыртқа тепкенін миға сидыра алмай-ақ қойдым.

Өйткені атом өндірісіне қатысты мекеменің «ҚазАтомӨндіріспен» қосарлана дамығаны дұрыс емес пе? Ал сіздер қалай ойлайсыздар?

Нұрлан ЖҰМАХАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар