Алматы қалалық соты журналист Михаил Козачковқа қатысты әкімшілік іс бойынша шешім шығарды. Бұл істі Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы (Алиев) қозғаған еді. Алайда сот журналисттің әрекетінен құқықбұзушылық құрамын таппады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналист Михаил Козачковтың айтуынша, депутат оны «жала жапты» деп жауапқа тартуды талап еткен. Бірақ сот бұл уәжді қолдамады.
"Сот менің іс-әркетімнен ешқандай құқықбұзушылық құрамын таппады. Сонымен, Алиев толықтай жеңілді. Оның адвокаты тіпті мені Конституцияны бұзды деп айыптауға тырысты, бірақ сотқа бұл дәлел әсер етпеді", – деді Козачков.
Шешім күшіне енген соң журналист пен оның қорғаушылары бұл істі заңсыз қозғаған тұлғалардан өкілдік шығындарын өндіріп алуды жоспарлап отыр.
Козачков талап қоюға ниетті тұлғалардың тізімін атады:
- бұрын қылмыс үшін сотталған, кеден саласынан жемқорлықпен жұмыстан босатылған депутат Болатбек Алиев;
- заңсыз хаттама жасаған учаскелік полиция қызметкері Айдос Жәмішев;
- Бостандық аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің бастығы Олжас Елгондыев;
- құжаттарға қол қойған басқарма басшысының міндетін атқарушы Денис Лоскутов.
Бұл іс қоғам назарын ерекше аударған болатын. Себебі журналиске қатысты әкімшілік қудалау сөз бостандығына қысым көрсету ретінде бағаланған еді.
