Журналистерге қатысты сот істері министрлік бақылауында — Балаева мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 10 жел. 2025 09:43

Қазақстанның медиа кеңістігінде бірнеше сот ісі қоғам назарын аударып отыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аталған сот процестеріне қатысты пікір білдіріп, сөз бостандығы мен журналистер құқығы мемлекет назарында екенін мәлімдеді,  деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Бүгінде Қазақстанның медиа кеңістігінде бірнеше сот процесі өтуіне байланысты талқы жүріп жатыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл процестерді, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ-қа қатысты істерді ерекше назарда ұстап отыр”, — деді ол.

Аида Балаева сөз бостандығының сақталуы мен ақпарат тарататын ұйымдардың заң аясында жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, кәсіби журналистика адалдыққа, объективтілікке және тексерілген деректің нақтылығына сүйенуі тиіс.

“Мұндай жағдайлар әрдайым медиа қауымдастықты алаңдатады. Себебі бұл сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет секілді аса маңызды мәселелерге тікелей қатысты.

Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс. Ал егер тараптар арасындағы қатынастар құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін.

Қалай болғанда да, біз кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін әрдайым талап етіп келеміз”, — деп қосты ол.

Сонымен бірге ол журналистерге қатысты әкімшілік және қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін қайталап өтті.

“Журналистерімізге қатысты істерді тиісті органдар заң талаптарын сақтай отырып, жан-жақты әрі әділ қарайтынына сенімдімін.

Министрлік өз құзыреті шегінде журналистердің құқықығын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға дайын”, — деді ол.

Айта кетейік, қысқа уақыт ішінде екі ірі ақпарат құралы – ҚазТАГ ХАА (халықаралық ақпарат агенттігі) мен Orda.kz – Қылмыстық кодекстің 274-бабы "көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша қозғалған істердің фигуранттары болды. Бұл екі жағдай да сөз бостандығының шекарасы мен жарияланған мәлімет үшін БАҚ-тың жауапкершілігі туралы жаңа пікірталас тудырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар