Журналист Асхат Садырбай өзіне қылмыстық іс қозғалғанын жоққа шығарды

Көркем Алдабергенова 24 ақп. 2026 09:40

Журналист Асхат Садырбай өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жоққа шығарып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналистің сөзінше, ол ақпараттық шабуылға тап боғлан. 

"Біраз адам алаңдап хабарласып жатыр. Маған 4 ай бұрын "қылмыстық іс" қозғалыпты-мыс. Ең қызығы – мен одан мүлдем хабарсызбын және оны мен құзырлы орган өкілдерінен емес, мемлекеттен тендер алып, трафиктерін тексерілмеген "өсек аңдармен" көтеретін, фактчекінгіті білмейтін бейшара сайттардан білдім. Бұл сайттардың артында кім тұрғанын және олар кімнің тапсырмасымен жазып отырғанын жақсы білемін. Көп ұзамай оларға да беташар жасаймыз!", - дейді журналист. 

Асхат Садырбайдың сөзінше, өзіне тағылған айыптар бойынша өткен жылы сот өткен. 

"Бұл сайттардың тірлігі оның ар жағында отырған суға кеткен пенделердің тал қармауы. Бұл айыптауларға қатысты өткен жылы сот болған. Оның барлық сатысынан өтіп, менің мұндай әрекет жасамағаным заңмен дәлелденген. Сот шешімі шыққан. Бірақ айыптаушы тарап сот шешімін орындамай жүргеніне жарты жыл болды. Сәл сабыр етіңіздер. Ешқандай жалған ақпаратқа сенбеңіздер! Қолдауларыңызға рахмет!", - дейді журналист. 

Еске салайық, Асхат Садырбайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын тергеу органдары растаған болатын. Істі Астана қаласы Полиция департаментінің Есіл аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove