Журналист Асхат Садырбайға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу бұрынғы жұбайы Айғаным Болатқызының арызы негізінде басталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Екі тарап арасындағы дау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Асхат Садырбайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын тергеу органдары растады. Істі Астана қаласы Полиция департаментінің Есіл аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.
Астана қалалық ПД журналистке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын ресми түрде растаған.
Полицияның жауабында 1992 жылы туған Айғаным Болатқызы Қорабаева аумақтық тиесілігі бойынша Астана қаласы Есіл аудандық полиция басқармасына арызданғаны көрсетілген. Ол бұрынғы жұбайы, 1986 жылы туған Асхат Мұратұлы Садырбаевқа қатысты шара қолдануды сұраған.
Аталған арызға байланысты 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша №257116031000977 нөмірлі сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Айғаным Болатқызы бұған дейін бұрынғы күйеуінің өзін азаптап, ұрып-соққаны жөнінде көпшілік алдында мәлімдеп, құқық қорғау органдарынан да, қоғамнан да көмек сұраған. Ал Асхат Садырбай бұл айыптауларды жоққа шығарып, оларды жала деп атаған. Тіпті журналист экс-жұбайын сотқа беріп, жеңіске жеткенін де айтқан. Алайда Айғаным Болатқызы да бұл істі тоқтатпай, алған жарақаттарын көрсетіп, қайтадан арыз түсірген.
Полиция мәліметінше, қазіргі таңда іс аясында сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен бірге Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу деректері жарияланбайтыны атап өтілді.
