2024 жылы Қазақстан соңғы тоғыз жылда алғаш рет оң көші-қон сальдосына қол жеткізді: елге 29 282 адам келсе, 12 732 адам кеткен. Айырмашылық +16 550 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15,3%-ға артты. Алайда бұл статистиканың астарында қарама-қайшы үрдістер байқалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кімдер келіп, кімдер кетуде?
Көші-қон ағыны негізінен ТМД елдерінен қалыптасады. EconomyKZ сарапшыларының мәліметінше, Қазақстанға көшіп келгендердің 81,6%-ы – осы елдерден, ал кеткендердің 74,8%-ы да ТМД аумағын таңдаған.
Елге қоныс аударғандардың арасында этникалық қазақтар (50,6%), орыстар (19,8%) және өзбектер (5,7%) басым. Ал Қазақстаннан кетіп жатқандардың арасында орыстар (61,9%), немістер (13,9%) және қазақтар (6,2%) көп.
“Бұл жағдай ел үшін айтарлықтай алаңдаушылық тудырады: Қазақстан көбіне біліктілігі төмен жұмыс күшін қабылдап, керісінше, жоғары білімді, білікті мамандарынан айырылып жатыр”, — дейді EconomyKZ саапшылары.
Мегаполистер мен өңірлер арасындағы алшақтық
Тағы бір маңызды үрдіс – ішкі көші-қонның 47,6%-ға өсуі. Адамдардың негізгі ағыны Астана (+73 238 адам), Алматы (+36 061 адам) және Шымкентке (+9 361 адам) бағытталған. Ал шағын қалалар мен ауылдық аймақтардан қарқынды түрде халық қоныс аударып жатып. Бұл елдің теңгерімді дамуына кері әсер етуде.
Ресми статистика бойынша Қазақстанның халқы көбейіп жатқанымен, оның құрылымы алаңдатарлық сұрақтар туындатады. Білікті кадрлардың шетелге кетуі және халықтың тек ірі қалаларда шоғырлануы ұзақ мерзімді экономикалық әрі әлеуметтік тұрақтылыққа сын-қатер төндіруі мүмкін.