Бүгін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыстық дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дөңгелек үстел ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің кіріспе сөзімен ашылды.
Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
«2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысының бұл бастамасы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды», – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, министр еңбек нарығы мен қоғам сұранысына сай кадр дайындаудың, ерте жастан кәсіптік бағдар берудің маңызын атап өтті.
Дөңгелек үстелге Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әли Солтанбеков, «Мамандығым-болашағым» кеңсесінің басшысы Олжас Сәкенов, Жетісу облысының колледж директорлары мен БАҚ өкілдері қатысты.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы - ректор Ермек Бөрібаев «Мамандығым – болашағым» жобасының тағы бір міндеттерінің бірі – оқушыларға, студенттерге ерте кәсіптік бағдар беру екенін баса айтты.
Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
«Жетісу университетінің базасында 2023 жылы өңірлік жобалық кеңсе құрылып, университет қызметкерлері форсайт-зерттеу курсынан өтті. Олар Жетісу облысында кадр тапшылығының өңірлік картасын әзірлеп, өңірге қажетті бес бағытты анықтады», - деген ректор салалық сарапшы ретінде өңірлік картаны әзірлеуге ат салысқан колледж директорларына алғыс білдірді.
Университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент басшысы Ғалия Кыдырбаева, Тіркеу офисі директоры Назым Жанатбекова, Zhansugurov College оқытушысы, Жетісу облысы бойынша Enactus командаларының координатор-эдвайзері Ерік Бейсенбеков Жетісу өңіріндегі кадрлар қажеттілігі, кредиттік оқыту технологиясын енгізу т.б тақырыптары бойынша баяндама жасады.
Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жиында «Мамандығым – болашағым» жобалық кеңсесінің жергілікті әкімдікпен бірлесе әзірлеген «Жетісу облысының мамандарға қажеттілігінің өңірлік картасының» тұсауы кесілді.