Жұмыс істегеннің соңынан сөз ереді

Dalanews 26 шіл. 2016 08:23 799

Қазір ерінбеген адамның бәрі Діни басқарманы ащы тілімен бір түйреп өтетін болды. Еліміздегі жастар жат ағымның қатарына өтіп, лаңкестік әрекеттер орын алса, «Діни басқарма қайда қарап отыр?» деп шеке басымыз тырысып, күйіп-пісетін күйге түстік. Бірден айтайық, діннің төңірегінде болып жатқан мәселелерге тек қана Діни басқарма жауапты емес. Дінге қатысты мәселеге Дін істері комитеті, ҰҚК, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет министрлігінің де қатысы бар екенін естен шығармаған абзал.

 

Шоуға көңіл бөлгенше, дінге көңіл бөлсейші...

dalanews talgat_malgshuliҚоғамдық ұйымның қатарына жататын Діни басқарма қазір мемлекеттен бір тиын алмай, жұмыс істеп жатыр. Мұны діннің айналасыда жүргендердің бәрі біледі.

Керек десеңіз, елімізден соңғы үш-төрт жылда Діни басқарма секілді жұмыс істеп жатқан мекемені қолыңызға шам алып іздесеңізде таппайсыз.

Діни басқармаға Ержан Маямеровты Президент жұмысты жүргізу үшін әкелді. Құдайға шүкір, ол Президенттің сенімін ақтап, жұмыс істеуде.

Қазір қоғамдық ортада түрмеге түскен адамның жат ағымның соңына ілесіп кетеді деген ұғым қалыптасқан (мұның алдында «түрменің босағасын аттаған адам туберкулезге міндетті түрде шалдығады» деуші едік). Егер темір тордың ар жағында жат ағым қанат жайса, оған Әділет және Ішкі істер министрлігі жауапкер болуы тиіс. Бұған діни басқарманың қандай қатысы бар?

Бірақ муфтият «менің жұмысым, сенің жұмысың» деп бөліп-жармай ата-бабамыз ұстанған асыл дінімізді насихаттау үшін арнайы үгіт-насихат тобын құрып ауыл-ауылды, түрмелерді аралап уағыз айтып, түсіндіріп жүр. Осыдан кейін Діни басқарма «жұмыс істемейді» деп айтудың өзі ұят.

Еске түсіріп көріңізші, Діни басқарманың бұл бағыттағы жұмысын қай телеарна кең көлемде насихаттап, үзбей хабар тартты. Ешқандай телеарана бұған қызығушылық танытқан жоқ.

Есесіне аш ішектей шұбатылған телесериалдар мен шоу-бағдарламалар көрсетуден бір-бірімен бәсекелесіп, рейтинг қуып кеткенін бәріміз білеміз. Сынағыш болсақ, соларды сынайық.

 

Мешіттерді қайтару

dalanews meshitКезінде қолында қаражаты барлар жер-жерде аталарының атынан мешіт салып, жамағаттың иманға бет бұруына мұрындық болды. Сол мешіттердің бәрі бірдей Діни басқармаға бағынбағанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Ержан Малғажұлы келген бетті әр ағымның ордасына айналған мешіттерді бір орталыққа жинауға күш салды. Бұл айтар ауызға жеңіл жұмыс болғанымен атқарылуы қиын, механат тірлігі мол шаруа-тұғын.

Алматы сияқты ірі қалаларда кезінде пысықтар «мешіт саламыз» деп әкімдіктен жер телімдерін алып, бір шетіне мешіт, бір шетіне коттедж, кафе, дүкен салып алды. Олармен күресу оңай болды деп ешкім айта алмасы анық.

Бірақ Діни басқарма дау туғызбай, бар мәселені сотқа жеткізбей шешті. Мұны бәріміз білеміз. Бірақ атқарылған жұмыстың санатына қосқымыз келмейді.

Жалпы алғанда мешіттерді муфтиятқа қайтаруда басқарма қызметкерлері заң аясында жұмыс істеп, өздерінің білікті бітімгер екендерін көрсетті. Олар бұл бағытта атқарған жұмыстарын жарнамалап, жалайырға жар салғанын естіген де, көрген де емеспін.

Тағы бір қызықты жайтты айта кетейік. Алматыдағы ұйғыр ағайындар көп қоныстанған Яссуи көшесінің бойында Алланың үйі бар. Әлгі мешіттің төріне ұйғырлар Ұйғырстанның туын керіп қойғанда, мұның заңға қайшы екенін муфтият қызметкерлері жаңқалап түсіндіріп, бар мәселені дау-шарсыз шешкен еді. Мұны біз кейіннен естідік.

Осылайша «жұмыс істемейтін» Діни басқарма ұлттық тұтастығымызды сақтап, бірлігімізге сызат түсірмеуде ҰҚК кем еңбектенбегенін неге байқамағандай кейіп танытамыз?

Діни басқарма еліміздегі мешіттерді қанатының астына алып, еліміздің діни-рухани саласының тұтас бір организим сияқты жұмыс істеуіне жол ашты. Бұл аралықта муфтият өзге де жұмыстарды ұмыт қалдырмай шұрық тесік болған жанымызға жамау болғанын қалай айтпассың?

 

Медресенің колледжден несі кем

dalanews medreseДіни басқарманың ауыз толтырып айтатын тағы бір ісі – муфтият жанында жастарға діни тұрғыдан білім беріп, кадрларда даярлайтын медреселерді колледж деңгейіне көтеріп, мемлекеттік диплом табыстайтын ресми оқу орынға айналдырғаны.

Кім біледі, бұған муфтият араласпағанда Білім және ғылым министрлігі бұл іске саусағының ұшында батырмас еді.

Қазір дін саласында медереселер мен жоғарғы буынды оқу орындарды бітірген жастарымыз мемлекеттік дипломға ие болып, түрлі салада жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр.

Өз кезегінде хазрет Ержан Малғанжұлы медресе бітіргендердің бәрі имам, молда болып кетпейтінін, ең бастысы діни сауатқа ие болып, адасушылыққа бой алдырмайтынын айтқан еді.

dalanews shakit

Орайы келгенде айта кетейік. Кіндік Азияда бізге қарағанда едәуір діндәр көршіміз Өзбекстанда медресе бітірген жастар мемлекет тарапынан мойындалмаған табақтай сертификаттарын қалтаға салып, текке уақыт өлтіргендеріне әлі күнге дейін өкініп жүр.

Ал бізде бұл мәселе толығымен шешілген. Бұл істі шешіп берген Діни басқармаға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сондықтан муфтияттың діни кадрларды ел ішінде даярлауға күш салуы өз нәтижесін берді деп нық сеніммен айтуға болады.

 

Халалға бас ауыртқан кім?

dalanews halalТәуелсіздікке ие болып, дінге қайта бет бұрғалы бері Қазақстанда халал стандарттарын енгізу мәселесі шетін мәселеге айналды. Кезінде халал сертфикатын беретін ұйымның басшылары кәсіпорындардың өнімін тексерместен халал сертификатты шүлен таратқандай таратты.

Сол кезде олардан «Кәсіпорындардың халал стандартына сай өнім шығаруына қандайда да кепілдік бересіздер?» деп сұрағанда. Әлгі ағаларымыз: «Бұдан кейінгі істі Алланың қарауына тапсырамыз» деп әпенденің әңгімесін айтқаны естіп, біразға дейін күліп жүрдік.

Соңғы уақыттары Қазақстанда халал стандарттарының бір ізге түсіп, кәсіпорындардың халал өнім шығаруға жауапкершілікпен қарай бастауына Діни басқарма жанынан құрылған «Халал» өнімдерін стандарттау бөлімі ықпал ете бастағаны белгілі.

Бұл бағытта Діни басқарма жанындағы бөлім, Алматыдағы санэпидемиялық қадағалау органдарымен келісім-шартқа отырып, азық-түлік өнімдерінің халал стандартына сай келетінін арнайы зертханада анықтап, содан кейін ғана халал сертификатын бере бастауын өрелі жұмыстардың қатарына қосуға болады.

Егер бұл бағытта Діни басқарма дұрыс жұмыс істемесе дүниежүзі мен елімізге танымал компанияларды муфтиятпен жұмыс істеуге аңсары аумас еді ғой.

 

Өзге жұмыстар

Бүгінде жыл сайын еліміздегі мұсылмандардың қажылық сапарын ұйымдастыру да Діни басқармаға жүктелген. Білген адамға мұның өзі үлкен жұмыс. Сондықтан муфтият «неге жұмыс істемейді» деп етектен тарқаннан гөрі әрқайсымыз ортақ шаруаға атсалысып, Діни басқармаға бір пайдамызды тигізуімізді ойлаған абзал.

Басқарма қазір тура дінді насихаттайтын бірнеше сайт ашып, қызу жұмыс істеп жатыр. Бұл істі муфтияттың аймақтағы өкіл имандары да іліп әкетіп, жаңа сайт құрып, халықпен етуге көшкенін бәріміз білеміз.

Бұдан басқа Діни басқарманың Түркиямен тығыз қарым-қатынас орнатып, тура жолды нұсқайтын діни кітаптар шығарып, тегін тартақанын да атап айтуға болады.

Діни басқармының соңғы жылдары атқарған қадау-қадау істерін әдейі тізбектеп отырмыз. Бір сөзбен айтсақ, дәл қазір Діни басқарма өз мүмкіндігін толық пайдаланып жұмыс істеп жатыр. Егер жұмыстың бұдан да жанданғанын қаласақ, Діни басқарманың құзіретін кеңейтіп, мемлекет тарапынан қаржыландыру ісін жүзеге асыру керек. Сол кезде көптеген мәселелер шешімін табар еді.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар