Астана әкімі автобус жүргізушісін жазалады

Dalanews 26 шіл. 2016 04:47 828

Астанада жолаушылардың ескертуіне құлақ аспай, жылдамдықты шектен тыс арттырып, одан соң аяғын терезеден шығарып «еркелікке» салынған автобус жүргізушісінің әрекеті әкім құлағына да жеткен.

Бұл туралы Астана әкімі Әсет Исекешев өзінің Фейсбуктағы парақшасында жариялады. Еске сала кетсек, кеше желі қолданушысы өз парақшасында наразылық жазбасын жариялағанын жазған едік. Онда автобус жүргізушісінің терезеден аяғын шығарып, қоғамдық көлікті ережеге бағынбай басқарғаны жазылған.

– Бүгін «Астана қалалық транспорттық бақылау қызметіне» жолаушылар тасымалдайтын Z 062 DC мемлекеттік нөмірлі 4-ші маршруттағы автобус жүргізушісіне байланысты шағып келіп түсті. Аталған дерек бойынша 24 шілде күні автобус жүргізушісі Жұбаныш Жұмабеков ТБҚ-ға істің ақ-қарасын анықтау үшін шақырылды, – деп жазған әкім.

Ал жүргізуші өз түсініктемесінде жолаушылар тасымалы кезінде жол қозғалысы ережесін бұзғанын толығымен мойындапты.

«№2 Автобус паркі» ЖШС бұйрығымен 25 шілдеден бастап жүргізуші Жұбаныш Жұмабеков еңбек тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылып, ҚР Еңбек кодексі 64 бабы 3 тармағы негізінде қатаң түрдегі сөгіс жарияланып, 25 шілде – 1 тамыз аралығында Астана қалалық транспорт мамандарының білімін жетілдіру орталығына қосымша оқу жұмыстарына жіберілді. Ол оқу аяқталған соң тапсырылған емтихан нәтижесі мен психологиялық тест қорытындысы бойынша оның автобус паркіндегі жұмысын жалғастыру мәселесі шешіледі», – деді Исекешев.

 

Дереккөзі: Stan.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар