Академиялық қалашық тұрғындары Тоқаевқа үндеу жасады

Қаракөз Амантай 20 қаз. 2025 09:51

Алматыда нүктелі құрылысқа байланысты жаңа дау туындады. Осы тұста, әл-Фараби даңғылы бойындағы Академиялық қалашық тұрғындары Президентке бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуларынша, олардың үйлерінің алдында жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр. Тұрғындар бұл шешімге қарсы шығып, құрылысты тоқтатуды талап етті. Олар даулы жер телімін мемлекет меншігіне қайтарып, оның орнына демалыс аймағын мен төтенше жағдай кезінде жиналатын алаң салуды ұсынды.

"Бұл тыныш, қауіпсіз аудан еді. Біз дамуға қарсы емеспіз, бірақ тіршілікке қолайлы ортаны тағы бір көпқабатты үй үшін құртуға болмайды. Билік біздің сөзімізге құлақ асса дейміз", — дейді тұрғындар.

Айтуларынша, жоспарланған құрылыс аумағында бірнеше қауіп бар. Ол аумақ сейсмоқауіпті аймақта, тектоникалық жарық үстінде орналасқан. Сондай-ақ құрылыс ауданның табиғи желдетілуін қамтамасыз ететін соңғы ашық өткелді жауып тастауы мүмкін. Бұған қоса, жердің астынан жоғары вольтты кабельдер өтеді, ал маңайдағы инженерлік инфрақұрылым ескірген.

Тұрғындар қоғамдық тыңдаулардың өткізілмегенін және ешкімнің құрылысқа ресми келісім бермегенін айтады.

Белгілі болғандай, аталған жер телімі жеке меншік иелігінде және ол соңғы жылдары бірнеше рет қайта сатылған. Тұрғындардың пікірінше, иелер мұны айыппұл төлемеу үшін әдейі жасаған.

Академқалашық тұрғындары акиматтан жерді мемлекет меншігіне қайтарып, "Оңтүстік саябақ" ісіне ұқсас шешім қабылдауды сұрайды.

"Біз өз қолымызбен ағаш отырғызып, аумақты көркейтуге дайынбыз. Ең бастысы, ашық кеңістікті сақтап, кейін өкініш әкелетін қателікке жол бермеу", - дейді тұрғындар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар