Вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шегіртке мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл жәндіктердің көбеюі биыл шаруаларды алаңдатып отыр. Журналистер министрден бұған дейін өзі айтқан "шегіртке халал өнім" деген мәлімдемесін нақтылауын сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мен шегіртке халал өнім деп айттым. Бірақ мен оны жеңдер деп пе едім? Тағы да не ойлап тауып отырсыздар?!", - деді министр.
Жұманғариннің айтуынша, шегірткеден толықтай құтылу мүмкін емес, өйткені ол экожүйенің бір бөлігі.
"Бізді қоршаған ортада микроағзалар мен жәндіктер өмір сүреді. Көбелектер ауада ұшады, құстар аспанда қалықтайды. Бірақ енді бәрін жойып тастайық па, өйткені олар бізге кедергі келтіреді екен? Шегірке бізбен бірге өмір сүріп келе жатыр. Мен айттым ғой, ол мамонттармен құрдас шығар. Сол себепті әр 12 жыл сайын белсенділік пен көбею кезеңі қайталанып отырады. Қазір сол екі жылдық циклдің соңында тұрмыз. Келер жылы мұндай белсенділік болмайды", - деді ол.
Министрдің айтуынша, Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы күрес шаралары аяқталуға жақын, егістік алқаптарға қауіп жоқ. Қазір басты назар Ақтөбе мен Қостанай облыстарының шекараларына, сондай-ақ Ресеймен шекаралас өңірлерге аударылып отыр.
Шегірткеге қарсы күреске республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге қаражат бөлінген.