Жоғалып кеткен атыраулық отбасы туралы тың дерек шықты

Сағыныш Сардарова 05 қаң. 2026 09:54

Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы туралы тың дерек шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында егжей-тегжейін жариялады.

"Атырау облысында ұшты-күйлі жоғалған отбасы жайлы күн сайын түрлі дерек келіп жатыр. Өзге емес, өз туыстарының сөзіне сенсек, із-түссіз ғайып болғандар төртеу емес, алты адам. Мақсот ағамыздың 2 қыз, 1 ұлы бар. Алдымен, Ақтаудан жұмыс таптым деп жалғыз ұлы Науыз хабарсыз кетеді. "Жаз басында жоғалған Наурыздың ватсабы кешеге дейін іске қосылып түрған" дейді Мақсоттың қарындасы Әсилә. Полиция "ватсап телефоннан емес, компьютерден қосылып тұрғандықтан абоненттің мекен-жайын табу қиындық тудырғанын" айтқан. Қарашаның басында "дәрігерге қаралып келеміз" деп сыбыс таратқан отбасы сол күйі үйге қайта оралмаған. Үйлері жинақы, бәрі орнында. Малы қорада, тоңазытқыштағы сүт-майлары сақтаулы тұр", - деп жазды журналист.

Сонымен қатар, жоғалған алты адамның екеуі кім екені де белгілі болды.

"Мақсот ағамыздың 2 қызының үлкені Мирамгүл өздерімен бірге ұшты-күйлі жоқ, екінші қызы тұрмыста басқа ауылда тұрады. "Ақбаян да күйеуі Сұлтанмен бірге 5 қараша жолға шығып, сол күйі үйіне оралмаған. Екеуінің 5 баласын күнде есікке елеңдеп енесі қарап отыр" дейді Әсилә. Жоғалған отбасының екі мүшесі - зейнеткер, екеуі мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады. Ең қызығы, қараша-желтоқсан айларындағы пенсияларын төртеуі түгел шешіп алыпты. Ауладағы азын-аулақ малдары да Наурыздың ватсабы арқылы саудаланған", - деп жазды ол.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында бір отбасы іздестіріліп жатқаны хабарланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар