Қоғамда қалыптасқан ұғымдардың бірі- нағыз ер адам мықты болуы керек, жыламауы тиіс, әрқашан күшті болып, сезімін білдірмеуі қажет. Бірақ бұл ұстаным ер азаматтардың жан дүниесіне, психологиялық күйіне кері әсер ететіні жасырын емес. Осы тақырып аясында біз тәжірибелі психолог, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, «Мәңгілік» қоғамдық қорының жетекшісі Ибрагим Айдос Ерболұлымен сұхбаттасып, ерлер психологиясындағы ең маңызды мәселе- әлсіз көрінуден қорқу жайында әңгімелестік, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Ер адам әлсіз болмауы керек»- бұл қаншалықты дұрыс?
-Қоғамда әлі күнге дейін «ер адам әлсіз болмауы керек» деген түсінік неге сақталып отыр?
- Бұл тарихтың тереңінен келе жатқан, өмір сүру мен тірі қалу үшін қажет болған әлеуметтік бағдар. Бұрынғы заманда ер адамның күші тек өз өмірін емес, отбасының да амандығын қамтамасыз ететін. Сол кезде мықтылық- қажеттілік еді.
Біздің мәдениетте де ер азамат- ұрпақ жалғастырушы. Егер әкеде ұл болмаса, «әулет үзіледі» деген сенім қалыптасқан. Бұл сөз бізге де таныс, жанымызға тиіп тұрғандай әсер етеді, себебі осындай түсініктер санамызға бала кезден сіңіп қалған.
Сонымен қатар бұл –өте тиімді манипуляция құралы. Біз ұл балаларды кішкентайынан өзімізге ыңғайлы етіп «бағдарламалаймыз»: «жылама», «әрқашан шыда», «ер бала болған соң мазалама». Бұл- тәрбиелеу емес, баланы өз эмоциясынан ажырату. Қыздарға да осыған ұқсас шектеулер қойылады: «сен қызсың, тыныш отыр», «айқайлама», «әдемі бол, ұқыпты бол». Бірақ эмоцияны басу- кейін күрделі ішкі күйзелістерге алып келеді.
-Ерлер мен әйелдердің эмоцияны білдірудегі айырмашылғы туа біткен бе, әлде бұл тек тәрбиенің салдары ма?
-Бұл сұраққа жауап біржақты емес. Ерлер мен әйелдердің эмоцияны білдірудегі айырмашылығына биологиялық және тәрбиелік факторлар қатар әсер етеді.
Биологиялық тұрғыдан, әйелдер эмоцияны еркінірек білдіреді, өйткені олардың ағзасындағы эстроген гормоны- эмпатияға бейім етеді. Ал ер адамдарда тестостерон көп, ол көбінесе әрекетке, шешім қабылдауға бағдар береді. Бірақ бұл айырмашылықтар өте аз және анықтаушы фактор емес.
Ең бастысы- социализация, яғни тәрбиелеу мен қоғамдағы рөлдік күтулер. Ұлдар бала кезінен: «сезіміңді көрсетпе», «жылама», «әлсіз болма» деген бұйрықтармен өседі. Ал қыздарға керісінше- «сезіміңді айт», «жүрегіңді тыңда» деп үйретіледі. Осылайша, ұлдар эмоцияны іште жасыруға үйренеді, ал қыздар- бөлісуге.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) зерттеулері бойынша, Орталық Азия елдерінде эмоцияны білдірудегі гендерлік айырмашылықтардың басым бөлігі- мәдени, яғни тәрбиемен берілетін. Бұл дегеніміз- мұны өзгертуге болады. Қазіргі таңда бұл өзгеріс білім беру арқылы жүріп жатыр.
-Ер азаматтардың әлсіз болудан қорқуы қай кезде және қалай қалыптасады?
-Бұл қорқыныш бала кезден, тіпті мектепке дейінгі жастан басталады. Оған бірінші болып әсер ететін орта- отбасы. Біз ұлдарға жиі: «жігіт жыламайды», «сен мықтысың», «жыласаң, сенімен ойнамаймыз» деген сияқты сөздер айтамыз. Бұл сөздер жай ғана тыйым емес- олар эмоцияны білдіруге тыйым салу, сезімнен ұялуға үйрету.
Егер бала жыласа немесе әлсіздік көрсетсе, оны көбіне мысқылмен, жазамен, немқұрайлы қараумен жазалайды. Бұл-үлкен психологиялық қысым. Ал мектепке келгенде жағдай ушыға түседі: басқа балалар «жұмсақ», «сезімтал» ұлдарды шеттетеді немесе мазақ етеді.
Қазақстанда, әсіресе дәстүрлі отбасыларда, ұл бала «отбасының қорғаушысы» ретінде тәрбиеленеді. Бұл рөлде әлсіздік көрсету- табу, яғни тыйым салынған. Егер мұндай балаға ешкім қолдау көрсетпесе, ол эмоциялық тосқауыл орнатып, сезімін сыртқа шығармайтын адамға айналады. Бірақ, бұл ішкі тыныштық емес- бұл ішкі соғыс.
- Ер адам эмоциясын іште басқанда оның бойында не болады?
-Бұл жағдайды былай елестетіңіз: қайнап жатқан кәстрөлді қақпақпен қаттылап жауып тастағандай. Будың шығатын жері жоқ- ол жинала береді, ақыр соңында жарылады.
Эмоцияны іште ұстау оларды жоймайды.Керісінше, олар жинақталып, адамның психикасы мен денсаулығына әсер ете бастайды. Психологиялық тұрғыда бұл- тұрақты алаңдаушылық, депрессия, кейде «эмоционалды жансыздану», яғни өз сезімін сезе алмау.
Физиологиялық тұрғыдан алғанда, ағзада кортизол(стресс гормоны) артып, жүрек-қан тамырлары ауруларының , ұйқы бұзылуының, иммундық жүйенің әлсіреуінің қаупі жоғарылайды. Ұзақ уақыттық әсерлері- эмоциялық күйреу (выгорание), алкоголизм, тіпті суицид.
Статистика бойынша, әлемде өз-өзіне қол жұмсау деректері ерлер арсында 3-4 есе жиі кездеседі. Қазақстанда да бұл көрсеткіш жоғары- Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, ерлер арасында суицид пен алкоголизм деңгейі өте алаңдатарлық , себебі эмоцияны басу- қалыпты мінез-құлық ретінде қабылданған.
-Әлсіз болудан қорқу неге көбіне ашуға, тұйықтыққа немесе агрессияға айналады?
- Бұл- қорғану механизмі. Ер адам өз әлсіздігін мойындағысы келмейді, себебі қорқады- «мені қабылдамай қоя ма», «әлсіз деп санай ма» деген қорқыныш бар. Сондықтан әлсіздікті ашумен немесе салқынқандылықпен жасырады.
Ашу- бақылау иллюзиясын береді. «Мен жылап әлсіз болмаймын, керісінше ашуланам- мен күштімін!» деген ішкі үн пайда болады. Тұйықтық- бас тартудан, еленбеуден қашудың амалы.
Сонымен қатар, тестостерон деңгейі жоғары болғандықтан, ер адамдарда агрессияны білдіру жиірек байқалады. Мысалы, шын мәнінде олар мұңайған, бірақ оны ашу ретінде шығарады. Бұл, өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық- зомбылыққа әкелетін жағдайлардың да себебі болуы мүмкін.
Мұндай күй циклге айналады:сезімді басу- жарылыстарға, жарылыстар- өкінішке, өкініш- тағы да басуға апарады»,- дейді психолог маман.
Қоғам ер адамға көп жауапкершілік жүктейді, бірақ оның жүрегіндегі ауыртпалықты жеңілдетуге жағдай жасай бермейді. Нағыз мықтылық- сезімнен қашуда емес, оны тануда. Өз эмоцияңды түсініп, оны мойындай білу- бұл тек өзіңе ғана емес, айналаңа да көрсететін құрметтің бір түрі.