Ақтөбеде анасын аяусыз соққыға жыққан ер адам 400 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды

Ақтөбеде анасын аяусыз соққыға жыққан ер адам 400 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды
Фото: gov.kz

Ақтөбеде ер адам өз анасын аяусыз ұрып-соғып, қабырғасын сындырған. Алайда жәбірленуші ұлын кешіргеннен кейін сот оған 400 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады, деп хабарлайды Dalanews.kz "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.

Оқиға осыдан бірнеше ай бұрын, қыс мезгілінде болған. Іс бойынша сот үкімі жақында ғана шыққан.

Айыптау деректеріне сүйенсек, 35 жастағы ер адам мас күйде әрі есірткі әсерінде үйіне келген. Сол кезде ол анасын құрбысымен бірге спирттік ішімдік ішіп отырғанын көріп, жанжал шығарған. Алдымен қонақ әйелдің бетінен екі рет жұдырықпен ұрып, дастарханды аударып тастаған.

Анасын қорғауға ұмтылған әйелге де шабуыл жасаған. Ер адам әуелі анасын бетінен ұрып, кейін жерге құлатып, қабырғасына соққы жасаған. Соңында оны көтеріп, тұншықтырмақ болған. Әйел тұншыға бастаған кезде ұлын тоқтатуға тырысқан.

Жәбірленушілер сыртқа шығып, полицияға хабарласуға тырысқан. Алайда ер адам олардың соңынан шығып, “102”-ге хабарласқандарын байқап, анасынан үйге қайтуын талап еткен.

Сот-медициналық сараптама нәтижесінде әйелдің екі қабырғасы сынғаны анықталды.

Айыпталушы Қылмыстық кодекстің денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру бабы бойынша сотталған. Ол өз кінәсін толық мойындап, әрекетін анасын ішімдік ішкені үшін жасағанын айтқан. Дегенмен өзі де сол сәтте мас күйде болған.

Сот барысында жәбірленуші болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап, кейін ұлын кешіргенін айтып, қылмыстық істі тоқтатуды сұраған.

Сот шешімімен ер адам 400 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Үкім жарияланғаннан кейін ол қамаудан босатылды. Бұған дейін айыпталушы екі ай тергеу изоляторында болған.