Жыл соңына қарай Алматы облысында газдандыру деңгейі 61%-ке жетеді

Dalanews 11 қар. 2021 06:26 1060

Биылғы жылы тағы 13 елді мекенді газға қосу арқылы тұрғындардың көгілдір отынға қолжетімділігі 61 процентке жетеді. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті жанындағы ОКҚ алаңында өткен брифинг кезінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Атмосферадағы шығарындылар деңгейін азайту үшін елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылы біз облыс халқының 59%-інің, яғни 1,2 млн адамның газға қол жеткізуін қамтамасыз еттік. Биыл тағы 13 елді мекенді қосу арқылы бұл көрсеткішті 61 процентке жеткіземіз, – деді өз сөзінде Амандық Баталов.

Спикердің айтуынша, өткен жылы Талдықорған және Қапшағай қалаларында үш қазандық газға ауыстырылған, биыл Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданында тағы үшеуі ауыстырылып жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 101 көппәтерлі тұрғын үй үшін 31 блокты-модульді қазандықтар орнатылуда, бұл жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады.

Бұл ретте Талдықорған қаласының экологиясын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен газбен жүретін 55 жаңа автобус сатып алынып, қала маршруттарына шығарылғанын айта кеткен жөн. Оған 2,3 млрд теңге бөлінді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар