Интернет қосылымының сапасын талдауға маманданған SpeedGeo платформасы Қазақстандағы байланыс нарығына қатысты жыл сайынғы зерттеу нәтижелерін ұсынды. Рейтинг мобильді интернет жылдамдығына қатысты пайдаланушылар жүргізген өлшемдер негізінде жасалған.
SpeedGeo-ның 2025 жылғы есебіне сәйкес, деректерді жүктеудің орташа жылдамдығы бойынша Kcell көш бастады. Компания желісінде download speed көрсеткіші 61,1 Мбит/с-қа жетіп, бұл нәтижемен Kcell Қазақстандағы мобильді байланыс операторлары арасында бірінші орынды иеленді.

Зерттеу әдістемесі
Зерттеу SpeedGeo (V-SPEED) платформасының краудсорсингтік деректеріне негізделген. Платформа интернет жылдамдығын мобильді қосымша арқылы пайдаланушылардың өздері жасаған өлшемдер арқылы жинайды. Зертханалық жағдайдағы тестілерден айырмашылығы, бұл өлшемдер абоненттердің күнделікті қолдану тәжірибесін көрсетеді — жылдамдық үйде немесе жұмыс орнында тіркеледі.
Қазақстандағы мобильді интернет сапасын талдау барысында смартфондар мен планшеттер арқылы 59 214 тест жүргізілген. Ал сымды интернет сапасын бағалау үшін Ethernet және Wi-Fi қосылымдары арқылы жасалған 111 807 өлшем пайдаланылған. Операторларды рейтингтеу барысында негізгі көрсеткіш ретінде деректерді жүктеудің орташа жылдамдығы алынған.
SpeedGeo әдістемесі абоненттердің интернетті нақты пайдалану тәжірибесін көрсетуге мүмкіндік береді, алайда оның бірқатар ерекшеліктері бар. Нәтижелерге пайдаланушылардың құрылғыларының техникалық сипаттамалары, үй желісінің жағдайы, сондай-ақ байланыс арналарының жергілікті жүктемесі әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар SpeedGeo деректерінің үлгі көлемі жүздеген мың немесе миллиондаған өлшемдерді талдайтын ірі халықаралық платформалармен салыстырғанда аздау. Осыған байланысты жарияланған мәліметтерді бүкіл нарықты толық қамтитын әмбебап рейтинг ретінде емес, пайдаланушы тәжірибесіне негізделген краудсорсингтік зерттеу нәтижесі ретінде қарастырған жөн.
