Жетісудың «Достық үйі» «Вайнах» шешен-ингуш мәдени бірлестігінің шарасы өтті

Dalanews 16 нау. 2018 10:32 1443

Алматы облыстық «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында» Астана қаласының 20 жылдығы аясында  «Астана көктемі шақырады» атты форумы өткізілді. Шара Алматы облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамдық-мәдени бірлестігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған.

Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылған күннен бері Алматы облысында Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылып, жұмыс атқарып келеді. Жалпы облыстағы алғашқы этномәдени орталықтар өткен ғасырдың 80-90 жылдарда құрылып, елімізде Ассамблеяның протатипі болған алғашқы Жетісу Халықтарының ассосациясы атты бірлестік ұйымдастырылған. Облыстық Ассамблея құрылғаннан кейін өңірдегі барлық этномәдени орталықтар Ассамблеяның құрамдас бөлігі болып енген.

Қазіргі таңда Алматы облысындағы этномәдени бірлестіктердің саны 70-тен асқан. Олардың 23-і облыстық, қалғаны аудан және қалалық деңгейде қызмет атқарады. Мұндағы ҚХА хатшылығы облыс әкімдігінің бөлімі болғанымен, ассамблеяның жұмысын қамтамасыз ету үшін 2008 жылдан бері «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы» жұмыс атқарып келеді.

Бүгінгі күнге дейін Ассамблеяның барлық іс-шаралары Достық үйі арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да, этномәдени орталықтардың бастамалары мен іс-шаралары әдістемелік кеңесте талқыланып, жылдық жоспарға енгізіледі. Сондай-ақ, Ассамблея жанында қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Ол облыстың 19 аудан-қаласындағы елді мекендерде, өңірдегі ірі кәсіпорындарда да құрылған. Қоғамдық келісім кеңесі – кез келген түйткілді мәселені талдап, ауылдық, аудандық округ немесе қалалық әкімдігіне көмек бере алады.

Кейде мемлекеттік мекемелер тарапынан шешілмеген жағдайларға қоғамдық негізде талдау жасап, ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндіктері бар. Нақтырақ айтсақ, кез келген елді мекеннің санитарлық тазалығынан бастап, сол қоғамдағы халық бірлігі мен ынтымағын арттыратын, жастар және тағы басқа мәселелерді осы қоғамдық келісім кеңесі арқылы талқыланып отырады.

Бұған қоса, облыстық Ассамблея жанында Аналар кеңесі жұмыс атқарады. Кеңестің барлық аудан, қалаларда құрылған филиалдары бар.

Ал Алматы облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамдық-мәдени бірлестігі 1989 жылы құрылып, 16 жыл бойы орталық жұмысын Қазақстан Журналистер Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, облыстық Ассамблея жанындағы жетекші журналистер клубының жетекшісі Атсалим Идигов басқарған. Кейінірек этномәдени бірлестік төрағасы Ваха Сурхаев, Рахман Исламов басшылық етіп, бүгінде орталықты Адам Бойсаев басқарып отыр. Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл этномәдени бірлестіктің атқарып жатқан іс-шаралары өте көп.

– Бізде жыл басында қойылған жоспарлар бойынша мемлекеттік мерекелер және ұлттық мейрамдарды қоса алғанда 30-дан аса шаралар ұйымдастырылып отырады. Қоғамдық келісім жайын түсіндіру мақсатында шалғай аудандар мен елді мекендердегі шешен ұлтының өкілдерін жинап, үлкен жиын өткізу алдағы жоспарымызда бар. Сондай-ақ, өңіріміздегі қазақ балаларын Шешенстан жеріне апарып, сол жақтағы жастармен таныстыру арқылы екі ел жастарының арасындағы достық қарым-қатынасын нығайтуға үлес қосқымыз келеді. Себебі, шешен ұлтының басынан өткерген қиын-қыстау кезеңдерде қазақ халқы бір үйдің баласындай бауырына басып, жақын тартқан. Барымен бөлісіп, қиыншылықты бірлікте көтерген. Бауырмал қазақ ұлтының осынау бір кеңпейілдігін шешен ұлты әрқашан есінде сақтап, алғысын білдіреді – дейді Адам Бойсаев.

Өңірдегі шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің негізгі мақсаты – этносаралық келісімді сақтап, аймақта тұратын басқа этникалық топ өкілдерімен қоғамдық байланысты және мәдениетті дамыту, Қазақстан Халқы Ассамблеясының идеяларын жүзеге асыру болып табылады.

Жыл сайын «Вайнах» бірлестігі шешендер мен ингуштардың депортациялану күніне арналған қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады. Басқарма мүшелерінің демеушілік қолдауының арқасында дәстүрге сәйкес 23 ақпанда сталиндік репрессиялардың жазықсыз құрбандарын еске түсіретін арнайы кеш те өткізіліп тұрады.

Этномәдени орталықтың жастар қанаты мәдениеттің танымал қазақстандық және шешен-ингуш қайраткерлеріне арналған шығармашылық кештер ұйымдастыру да дәстүрге айналған.

2003 жылы Лала Идигованың жетекшілігімен тағы да бір шығармашылық ұжым – облыстық және қалалық хореографиялық байқаулардың лауреаты «Даймохк» ансамблі құрылса, құрамы жөнінен көпэтносты құрылтайшылар тобының бастамасымен 2006 жылы Талдықорғанда шешен мәдениеті мен рухани мұрасын қолдау аясындағы «Заман» қоры жасақталды. Қордың міндеті – вайнахтардың тарихын, мәдениеті мен тілін түлету, дәстүрлер мен ғұрыптарды, адамгершілік құндылықтарды насихаттау. Сондай-ақ, қор қызметінің басты бағыттарының бірі – барлық этнос өкілдері арасындағы достықты, бірлік пен келісімді нығайтуға ықпалдасу болып табылады.

Салтанатты кеште сөз алған Алматы облыстық КХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай форумды ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

– Бірлестік ұлттық дәстүрлерді қайта түлетіп сақтауда, шешен және ингуш халықтарының тарихы мен тілін үйренуге бағытталған мәдени-ағартушылық жұмыстарды жүзеге асыруда зор үлес қосып келеді. Бірлестік өкілдері республикада азаматтық қоғам қалыптастырудың өзекті проблемалары жөніндегі бұқаралық пікірталастар мен дөңгелек үстелдерге белсенді түрде қатысып, басқа да этномәдени орталықтарымен бірге «Вайнах» ҚХА ұйымдастырған барлық мемлекеттік шараларға атсалысады. Сондай-ақ, әртүрлі кештер мен көрмелер, түрлі шаралар өткізуде өте белсенді, – деді ол өз сөзінде.

Осыдан соң облыстық ҚХА жанындағы «Ұлағат» ақсақалдар кеңесінің төрайымы Светлана Гаитова мен «Вайнах» шешен-ингуш қоғамдық-мәдени бірлестігінің төрағасы Адам Бойсаев сөз алып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

 

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ, Алматы облысы.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар