Жетісудың бас театры су жаңа автобусқа ие болды

Dalanews 26 қыр. 2023 03:25 345

Бүгін Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрына гастрольдік сапарларға пайдалану үшін ыңғайлы автобус берілді. Шығармашылық ұжымға көлік кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойы аясында актрисаның есімімен аталатын театрға 41 орынға арналған «King long» маркалы заманауи автобус сатып алуға облыстық бюджеттен  65 млн теңге бөлінді.

Театрдың гастрольдік сапарларға жиі шығатынын ескерсек, жаңа автобус әртістердің алыс-жақын жол жүрулері үшін қолайлы болса, сол сияқты костюмдерін, реквизиттерін, декорацияларын тасымалдауды айтарлықтай жеңілдетеді.

Мәселен, жақын арада театр ұжымы Қарағандыда өткен Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған «Сын шын болсын» атты республикалық театр фестиваліне қатысып, М.Себастьянның «Аты жоқ жұлдыз» лирикалық драмасын ұсынып, ІІ орынға ие болды.



Шығармашылық ұжым мүшелерімен әңгімелескен өңір басшысы Бейбіт Исабаев театрдың қоғамның адамгершілік рухындағы тәрбиесіне және жалпы мәдени дамуындағы рөліне тоқталып өтті.

– Адам театрға келгенде, жаны демалып, рухани жаңғырып қайтады. Қазір көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізетін жас ұрпақ үшін театрдағы шексіз эмоция, сауатты сөйлеу мәнерінің тәрбиесі аса маңызды.

Театр және кино актрисасы Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойы аясында өтетін «BIKEN» І Халықаралық театр фестивалін сіздермен бірге лайықты деңгейде өткіземіз деп ойлаймын, бұл іс-шара ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды сақтауға, қазақ театры мен өнерін дамытуға маңызды үлес қосады, ең бастысы театрға көрермен тартуға зор ықпал етеді, – деді Бейбіт. Исабаев.



Мұнан кейін шара Алматы қаласынан келген «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концертімен жалғасты.

Көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бағдат Тілегенов. Белгілі музыкалық ұжым Жетісу тұрғындарына фольклорлық сазға толы «Ғасыр сазы» деп аталатын жанды концерттік бағдарлама ұсынды. Іс-шараға «Жетісу сазы» ФЭА да қатысты.

Фото: Руслан Қадыров

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар