Жетісу облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай 300-ге жуық шара өткізу жоспарланған. Бұл мерейтойлық шаралар жыл басынан басталып, бүгінге дейін жалғасып келеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Жоспарланған мәдени-бұқаралық, патриоттық іс-шаралар өңірдің барлық аудан-қалаларында өтуде, бұл ретте жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша жергілікті жерлерде 9 мамырда өңір басшылығы ҰОС ардагерлерін үйлеріне барып құттықтайды, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіштер мен обелискілерге гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысады.
Мәселен, Талдықорғандағы бір көшеге Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы, тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовтің есімі беріледі. Сонымен қатар «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты жетісулық майдангерлерге қатысты деректерден тұратын жинақ шығарылып, көпшілікке арнайы таныстырылады деп жоспарланып отыр. Ал Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры С.Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» спектаклін көрермен назарына ұсынбақ.
М. Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі мен оның филиалдарында, көркемөнер галереясында, облыс кітапханаларында Жеңістің мәнін ұғындыратын кітап және фотосурет көрмелері ұйымдастырылып, тақырыптық экскурсиялар жүргізіледі.
Тағылымды істен жастар да тыс қалған жоқ. Қайырымдылық акциясы аясында ерікті жастардың қатысуымен жетісулық тыл және еңбек ардагерлеріне түрлі бағытта 140-тан астам қайырымдылық көмек шаралары көрсетілді. Сондай-ақ, өңірде сәуір айынан бастап 9 мамырға дейін денсаулық айлығы жүріп жатыр. Айлық аясында дәрігерлердің мобильді бригадалары ҰОС қатысушылары мен тыл ардагерлеріне емханаларда да, үй жағдайында да тегін медициналық тексерулер мен консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуде.
Ал әлеуметтік қолдау шараларына келсек, биыл Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, сондай-ақ оларға теңестірілгендерге біржолғы материалдық көмек көрсетуге – жалпы саны 3 215 адамға 393,8 млн.теңге бөлінді. Атап айтқанда, 3 майдангерге 5 млн. теңгеден, сол сияқты 1564 тыл еңбеккеріне 100 мың теңгеден бір реттік қаржылай көмек берілді. Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне материалдық қолдаудан бөлек, коммуналдық шығындарына 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы өтемақы түрінде жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ ҰОС мүгедектеріне және оларға теңестірілген мүгедектігі бар ардагерлерге оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде және қажеттілігіне қарай техникалық оңалту құралдары беріледі. Сонымен қатар ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тыл еңбеккерлеріне жылына бір рет санаторий-курорттық емделуге тегін жолдама беріледі. Атап айтқанда, биыл өңірде 243 ардагерді қамтуға 50 млн.теңге қарастырылған.
Жалпы облыс көлемінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған 112 ескерткіші бар десек, жергілікті бюджет қаражаты есебінен соның 74-іне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, қалған 38-іне демеушілер есебінен абаттандыру және ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
"Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай әсіресе жастардың қатысуымен іс-шаралар өткізу өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, бейбітшілікті, бірлік пен келісімді сақтау мен нығайтуға, оның құндылығын ұғындыруға көп септігін тигізеді. Ардагерлерімізге қамқорлық жасап, жан-жақты қолдау - біздің ортақ парызымыз. Мемлекет басшысы айтқандай, «Біз әкелеріміз бен аналарымыздың, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің адамзат тарихындағы өшпес ерлігін әрдайым есте сақтауға тиіспіз", - деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт.