Жетісуда салынатын жаңа әуежайға Германия қанша инвестиция құяды?

Dalanews 18 қыр. 2024 11:01 4930

Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия канцлері Олаф Шольцтің қатысуымен өткен бизнес-форум қорытындысы бойынша бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Осылайша екі ел арасындағы әріптестік нығайып, бірқатар саладағы ынтымақтастық дамуға тиіс. Жобалар ішінде Жетісуда салынатын жаңа жүк және жолаушылар әуежайы құрылысы да бар деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қандай құжаттарға қол қойылды?

  • Қазақстан-герман техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастық жол картасы. Бұл құжат Қазақстанның Индустрия және құрылыс министрлігі мен Германияның Шығыс экономика комитеті арасында жасалды.
  • «Жасыл сутегі» жобасына қатысты зерттеулер бойынша ынтымақтастық туралы меморандум. Бұл — Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Svevind Energy компаниясы арасындағы құжат.
  • Стратегиялық өзара түсіністік туралы меморандум. Бұл құжат Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Siemens компаниясы арасында жасалды.
  • Стратегиялық серіктестік жасасуға келісім. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Siemens Орталық Азия ЖШС арасында жасалды.
  • Халықаралық жүк және жолаушылар әуежайы құрылысы жобасына қатысты негіздемелік келісім. Құжатқа Қазақстан Көлік министрлігі мен Skyhansa ЖШС қол қойды.
  • «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» мен HORSCH Maschinen GmbH арасында ынтымақтастық туралы келісім.
  • «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» мен KfW Bankengruppe арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
  • «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» мен CLAAS Global Sales GmbH арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.
  • Қазақстанның Ұлттық технологиялық болжау орталығы мен Германияның Федералдық геоғылымдар мен табиғи ресурстар институты арасында өзара түсіністік туралы меморандум.
  • Қазақстан Даму Банкі мен Deutsche Bank арасындағы мандаттық хат.
  • Qazaq Kalium Ltd АҚ мен KfW Bankengruppe, Euler Hermes Group арасындағы Батыс Қазақстан облысындағы Сәтімола кен орнында калий тұзы мен бор қышқылын өндіретін кешен салу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.
  • «Агромашхолдинг» АҚ мен Amazonen-werke h. Dreyer Se & Co.Kg арасында Қостанай облысында Condor тұқым себу кешенін бірлесіп өндіру жобасын іске асыратын келісім.

Жетісудағы жаңа әуежай құрылысы

Германия делегациясы сапары барысында Қазақстан мен Германияның орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдары арасында 23 құжатқа қол қойылды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация комитеті Хоргос — Шығыс қақпа арнайы экономикалық аймағындағы жүк және жолаушылар әуежайы құрылысының жобасы туралы да мәлімет берді. Бұл құжатқа ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Skyhansa компаниясының басқарушы серіктесі Юрген Грецбах қол қойған. Жоба мынадай үш кезеңге бөлінген:

  • Сағатына 500 адамға дейін қабылдай алатын жолаушылар терминалы;
  • Жылына 550 мың тоннаға дейін жанармай сақтайтын қойма;
  • Жылына 250 мың тоннаға дейін жүк өңдейтін жүк терминалы;

Әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсететін орталық, сондай-ақ туристік және сауда-ойын-сауық қызметтерін дамыту да жоспарланған.

Жалпы жобаға тартылатын жеке инвестициялар көлемі кемінде 500 миллион АҚШ доллары шамасында болады. Осы жобаның арқасында 300-ден астам тұрақты жұмыс орындары ашылады деседі.

Қазіргі уақытта Жетісу облысының әкімдігі әуежай құрылысын салуға жер телімін бөлген. Ал инвестор инвестициялық келісімге қол қойғаннан кейін жобаны жүзеге асыруға кіріседі.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар