Туристік инфрақұрылымды дамыту аясында жыл соңына дейін Текелі қаласында визит орталығы ашылмақ. Бұл туралы бүгін қала тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Өңір басшысы өз сөзінде Текелі қаласының маңында орналасқан «Бұрқанбұлақ» сарқырамасының туристік әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, биыл сарқырамаға баратын жолды жаңғырту жұмыстары басталғанын жеткізді.
- Жол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін туристер легі артып, «Бұрқанбұлақ» өңірдің танымал көрікті орындарының біріне айналады деп күтілуде. Жалпы, Текелінің табиғи-рекреациялық әлеуеті туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан туристік инфрақұрылымды дамыту аясында жыл соңына дейін қалада демалыс орындары мен туристік қызметтер туралы ақпарат беретін визит орталығы ашылады, - деді Б. Исабаев.
Бұдан бөлек, биыл жеке кәсіпкерлер қонақүй, сол сияқты жылына 50 мың келуші қабылдай алатын спорттық-туристік кешен құрылысы жобаларын іске асыруда.
Атап өтсек, Текеліде 21 демалыс орны жұмыс істейді, онда биылғы жылдың бірінші тоқсанында 3 мың келушіге 88 млн. теңгеге ақылы қызмет көрсетілген.
Жалпы, Жетісу облысына өткен жылы 2 млн. турист адам келген, яғни алдыңғы жылмен салыстырған 11,1 % өскен.