Жетісу облысының барлық елді мекені 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі

Ақтоты Жапатова 24 сәу. 2025 15:10 178

Жетісу өңірінде қазірдің өзінде қала тұрғындарының 100 пайызы, ауыл тұрғындарының 99,5 пайызы сумен қамту қызметіне қол жеткізген. Ал жыл соңына дейін орталықтандырылған сумен қамтуға жататын 331-і елді мекеннің барлығы немесе 694,2 мың адам орталық ауыз су жүйесіне қосылады деп күтілуде,– деп хабарлайды Dalanews.kz

2022-2024 жылдары облыста 420,5 шақырым су құбыры желісі қайта жаңғыртылып, 24 елді мекенде ауыз судың сапасы жақсарды. Орталық су құбырына төрт ауыл қосылды: Қаратал ауданының Бесағаш, Бірлік және Алакөл ауданының Бибақан, Тоқжайлау ауылдары. Бұл ретте облыстағы ең шалғай елді мекен – Қаратал ауданындағы Көпбірлік ауылының тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізді. Ауылда орталықтандырылған су құбыры болғанымен, судағы тұз мөлшері рұқсат етілген нормадан бірнеше есе жоғары болған. Көптен түйіні шешілмей келе жатқан бұл мәселе облыс әкімінің тапсырмасымен қабылданған шаралардың арқасында былтыр шешімін тапты.

– Ауыз су – денсаулық кепілі, сондықтан оның сапасы аса маңызды. Соңғы бірнеше жылда біздің ауылда су мәселесі күрделі болды. Денсаулыққа зиян тигізетін тұзды суды ішуге мәжбүр болдық. Қазір бұл мәселе шешілді. Халық риза. Біздің ауылға келетін, 30 жылда бір рет жөндеу көрмеген жолды да ретке келтірді. Енді 1,5 сағатта асықпай аудан орталығы Үштөбе қаласына жетеміз. Ауылымызға бұдан былай да көңіл бөлінеді деп ойлаймын, – деді Көпбірлік ауылының тұрғыны Зәмзәгүл Несіпбаева.

Текелі қаласының тұрғындары да ұзақ жылдардан кейін сапалы ауыз суға қол жеткізді. Еске салсақ, бұған дейін Текеліге ауыз су Шажа мен Қора өзенінен ескі сүзгі стансасынан өткізіліп, көктем-жаз мезгілінде жаңбыр мен қардың еруінен ішуге жарамсыз болатын да, тұрғындардан арыз-шағымдар жиі түсетін. Бұл мәселе қаланың ішкі су желілерінің тозуы салдарынан ушыға түсті.

Осыған орай 2024 жылы бұл мәселені түбегейлі шешу үшін бюджеттен қаржы бөлініп, сүзгі стансасының жабдықтары ауыстырылып, ағымдағы жөндеу жүргізілді, ауқымы 3000 м3 болатын екі резервуар, скважинадан 16,5 км сумен қамту жүйесі салынды. Сол сияқты сумен жабдықтау желілеріндегі 392 ысырма ауыстырылды, бұл қажет кезде бүкіл су жүйесін емес, тек белгілі бір бөлігін ғана өшіруге қолайлы болмақ. Жалпы барлық жұмыс желтоқсан айында аяқталды, қазір пайдалануға беру сатысында, мамырға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Оған қоса мамыр-маусым айларында су сапасы тағы бір рет тексеріледі. Жұмыстың 2-ші кезеңі де, яғни сумен қамтудың ішкі жүйелерін ауыстыру ісі қосымша басталды, оған 400 млн. теңге бөлінді. Жоба ауыспалы, келесі жылы да жалғасады. Сөйтіп Текелі қаласында бірнеше жыл бойы жергілікті халыққа қолайсыздық тудырып келген сапасыз ауыз су мәселесі бүгінде толық шешімін тапты.

Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек ауылының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесін шешу жұмыстары аяқталуға жақын.

Еске салсақ, 2008-2023 жылдар аралығында ауылда су құбыры желілерін қайта жаңғыртудың төрт кезеңі атқарылды. Ал өткен жылы су құбыры желілерін қайта құрудың 5-кезеңі басталды. 178,6 шақырым су құбырының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күні 22 шақырымы төселіп, жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Желілердің құрылысы аяқталғаннан кейін Сарыөзек ауылындағы ұзақ жыл бойы шешімін таппай келе жатқан ауыз су сапасына қатысты мәселе түпкілікті шешімін таппақ.

Сол сияқты жуық арада Алакөл ауданы Лепсі ауылында ауыз су мәселесі шешіледі. Құрылыс жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен 800 млн. теңге бөлінді. Жылдың соңына дейін ауыл орталық ауыз су жүйесіне қосылады деп жоспарланған.

Ал Алакөл ауданы Бибақан ауылының тұрғындары ұзақ жылдар бойы сорғыдан су ішіп келген. 160-қа жуық тұрғыны бар ауылда орталық су құбыры болмаған. Су құбыры төселгеннен кейін бұл мәселе шешілді.

– Бұрын суды аулаға орнатылған су сорғыштан алатынбыз. Сондай-ақ бақша мен көкөніс алқабын суаруға су үнемі жетпей қалатын. Әсіресе жазда суды үнемдеу керек болды. Былтырдан бері ауылымызға су тартыла бастады. Қазір суымыз таза, жұмсақ, қысымы жақсы. Халыққа қажетті жағдай жасалып жатыр, әсіресе ауыз су мәселесінің шешілгеніне қуаныштымыз, – деді Бибақан ауыл тұрғыны Қапиза Хамитова.

Биыл облыста су құбырларын салу мене қайта жаңғырту бағытында 18 жоба жүзеге асырылуда. 2604 тұрғыны бар тағы 4 ауыл орталық сумен қамтылады. Атап айтқанда, олар – Алакөл ауданындағы Қоңыр, Қаратал ауданындағы Ұмтыл, Ақсу ауданындағы Қопалы, Панфилов ауданындағы Жиделі ауылдары.

Соның нәтижесінде 2025 жылдың соңына қарай Жетісу облысындағы 358 елді мекеннің орталық сумен қамтамасыз етуге жататын 331-і орталық су жүйесімен толық қамтылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар