Жетісу облысында тұқым шаруашылығы дамыуда

Dalanews 03 шіл. 2023 03:42 883

Жетісу облысында тұқым шаруашылығы саласында 14 аттестатталған шаруашылық субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде 8-і элиталық өндіруші, 6-уы жоғары репродукциялы тұқым, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Егіс науқаны алдында Жетісу облысы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістікке қажетті тұқым көлемімен қамтамасыз етілген.

Оның көлемі 56,2 мың тоннаны құрайды, соның ішінде 1,8 мың тоннасы элиталық, 54,4 мың тоннасы жоғары репродукциялы тұқым.

Мұндағы отандық тұқымдардың үлесі 13% құрады. Ағымдағы жылы өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 1,9 мың гектарға артып, 519 мың гектарға жеткізілді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, егістік алқаптарын әртараптандыру жоспары аясында басымдық берілетін дақылдардың, атап айтқанда қант қызылшасының көлемі 2 есеге, жүгері – 15%, көкөністер мен картоптың көлемі 2%-ға өсті.

– Өңірдің аттестатталған тұқым шаруашылықтары 6,3 мың тонна элиталық және жоғары өнімді масақты дәнді дақылдар тұқымын, 941 тонна жүгері тұқымын, 5 тонна қант қызылшасы тұқымын, 14 тонна күнбағыс тұқымын әзірлейді және ол тұқымдарды ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне сортты жаңарту үшін өткізеді.


Сондай-ақ, 4 аттестатталған тұқым сатушы шаруашылықтардың өтінімдеріне сәйкес оларды қажетті шетелдік тұқымдармен қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, алдағы уақытта картоп тұқымдары мен бұршақ дақылдарын өндіруді ұлғайту бағытында жаңа тұқым шаруашылықтарының қызметін дамыту жоспарлануда, – деп атап өтті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың 5 айында өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 70,4 млрд теңгеге жетті, НКИ – 101,5%. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 544 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.

Бұл ретте ағымдағы жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бюджеттен 45,6 млрд теңге бөлінді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар