Жетісу облысында құтқарушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа тұжырымдаманы талқылады

Ақтоты Жапатова 30 қыр. 2025 11:30

Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінде құрылымдық, ведомстволық және аумақтық бөлімшелердің басшылары мен инспекторларының қатысуымен семинар-кеңес өтті. Кездесу «Азаматтық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» тақырыбына арналды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Іс-шараны азаматтық қорғау полковнигі, департамент бастығының бірінші орынбасары А. Оразалинов ашып, алдын алу мәдениетін күшейту, кадрлық тәртіп пен қызметтік әдеп талаптарын мүлтіксіз сақтау — қауіпсіздік саласындағы сенімнің басты шарты екенін атап өтті. Ол сондай-ақ әр бөлімшенің ішкі бақылау тетіктерін жетілдіру, тәуекел аймақтарын дер кезінде анықтау және ашық коммуникацияны жүйелеу бойынша нақты міндеттер қойды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің бас маманы Н. Сүлейменов сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау әдістемесін, мүдделер қақтығысын басқару, декларациялау мен сыйлықтар есебі тәртібін түсіндіріп, практикалық кейстер ұсынды. Ал Жетісу облысы Полиция департаментінің ЖПБ полиция подполковнигі Д. Смаков құқық бұзушылықтардың алдын алу, қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру және азаматтармен серіктестік орнатудың құқықтық негіздеріне тоқталды.

Талқылау қорытындысында қатысушылар 2025–2030 жылдарға арналған жол картасының жобасын нақтылады: құндылыққа негізделген оқыту модульдерін енгізу, этикалық омбудсмен институтының жұмысын жандандыру, «ашық есік» форматындағы кездесулерді тұрақты өткізу және анонимді кері байланыс арналарын кеңейту.

Семинар-кеңес Жетісу құтқарушылары үшін адал қызмет пен заң үстемдігіне негізделген корпоративті мәдениетті жүйелі түрде қалыптастырудың маңызды қадамы болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар