Жетісу облысында Бірлік күні кең көлемде аталып өтті

Ақтоты Жапатова 01 мам. 2025 15:04 251

Жетісу облысында Қазақстан халқының бірлігі мерекесі кең көлемде аталып өтілді. Облыс орталығындағы мерекелік шара 250 адам қатысқан «Бірлік жарысы» марафонымен басталды. Осы күні Талдықорғандағы «Жастар» саябағында түрлі көрмелер, жарыстар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Мерекелік шараға жиналған көпшілікті құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұл мерекенің ел бірлігін нығайтудағы маңызына тоқталып, Қазақстан халқы Ассамблеясының ел өміріндегі рөлін де атап өтті.

- Ғасырлар бойы Жетісуда тағдыр тоғыстырған барша этнос пен ұлыс ортақ тарихын танып, біртұтас дүниетанымын қалыптастырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жыл ішінде салиқалы мәміле алаңы, мәдени алмасулар орталығы, қоғамды ұйыстырушы құрылым ретінде өзін берік орнықтырды. Бүгінгідей іс-шаралар бейбіт те берекелі өмірдің бағасын ұғуға, оны көздің қарашығындай сақтауға ықпал етіп, қоғамдық келісімді нығайтудағы жаңа міндеттерді іске асыруға тың серпін береді деп сенеміз, - деген облыс басшысы көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.

Жиналған көпшілікке қазақ, орыс, татар, күрд, неміс т.б. этностардың қоғамдық бірлестіктері өз ұлттық мәдениетімен таныстыратын көрмелерін ұсынды. Солардың бірі «Туған тел» татар мәдени орталығы да мерекеге барынша дайындалған.

- Бүгін біз көрмеге ұлттық бұйымдарымызды, чак-чак, ушбушмак, бәліш сияқты көптеген тағамдарымызды алып келді. Бірлік күні – біз үшін аса маңызды мереке. Бейбітшілік, татулық пен тұрақтылық – ең үлкен байлығымыз. Сондықтан әрқашан осы берекелі өмірімізді бағалай білуіміз керек және соған әрдайым үлес қосамыз, - дейді орталықтың белсенді мүшесі Кевстария Яушева.  

Мерекені тамашалауға келген жастар да көп. Солардың ішінен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 1 курс студенті Әмина Малғаждарова өз пікірін білдірді.

- Бүгін мерекелік шараны көруге саябаққа құрбыларыммен бірге келдік. Облыста тұратын түрлі этностардың дайындаған көрмелерінен олардың музыкалық аспаптарын, тағамдарын, қолөнер бұйымдарын көріп, тамашаладық. Тарихи отандарын таныстыратын түрлі кітапшалары да қойылған. Біз бір-бірімізді танып-білу арқылы татулығымызды сақтаймыз. Сол үшін осындай шаралар қажет деп ойлаймын. Мереке көңілді өтіп жатыр, - дейді ол.

Сол сияқты саябақ сахнасында жергілікті өнер ұжымдары «Татулық таңы атқан күн» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

Атап өтсек, осы күні «Бірлік жүгірісі» спорттық шарасы өткізіліп, Достық үйінен «Жастар» спорт сарайына дейін 250-дей адам жүгіріп өтті. Мерекелік марафонның жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларына арнайы дипломдар, мадақтамалар, естелік сыйлықтар табысталады.

Еске салсақ, мұндай мерекелік шаралар облыстың барлық аудан-ұалаларында өтуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар