Жетісу облысында ауылдық медицина нығаюда: биыл 44 жаңа нысан пайдалануға беріледі

Ақтоты Жапатова 30 сәу. 2025 09:55 202

Жетісу облысында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында 44 нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жалпы алғанда, жобаның аясында өңірде 59 медициналық нысан салу қарастырылған. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік пункт және 5 медициналық пункт бар. Өткен жылдың желтоқсан айында 15 нысанның құрылысы толық аяқталса, қалған 44 нысанның жұмысы биыл жалғасуда. Қазіргі таңда олардың орташа дайындық деңгейі – 83 пайызды құрайды.

– Құрылыс жұмыстары маусым және тамыз айларында кезең-кезеңімен аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар нысандарды инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізілуде. Қажетті қаржы жергілікті бюджеттен бөлінді, – деді облыс әкімі.

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, бұл жоба облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Ауыл тұрғындары үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету – басты басымдықтардың бірі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар