Ресей президенті Владимир Путин Украина тарапынан соғыс қимылдарын шектеуге қатысты жаңа ұсыныстар түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кремль жексенбі күні кешке Ресей мемлекеттік телеарнасының журналисі Павел Зарубинге берген Путиннің сұхбатын жариялады. Журналист Украинамен келіссөздер туралы сұрап, бұған дейін Роман Абрамовичтің арағайындығымен келіссөз ұйымдастыру әрекетін еске салды.
Путиннің айтуынша, Ресей мен Украина арасында бірнеше бағыт бойынша байланыс сақталған.
«Иә, байланыстар бар және олар бірнеше бағыт бойынша жолға қойылған. Мұнда ешқандай құпия жоқ», – деді ол.
Сонымен қатар Ресей президенті бұған дейін айтылған бастамалардан бөлек жаңа ұсыныстардың да болғанын жеткізді. Оның айтуынша, Украина екі мәселені көтерген.
Біріншісі – екі елдің бір-бірінің аумағының тереңдігіне соққы жасауды өзара тоқтатуы. Екіншісі – әскери іс-қимылдарды төрт өңірмен ғана шектеу. Олар: Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстары.
Путин бұл ұсыныстарды Украина армиясының әлсіреуімен байланыстырды. Оның сөзінше, Ресейдің соққылары «әлдеқайда қуатты әрі жойқын», ал Украина Қарулы күштері жеке құрам тапшылығына тап болған.
Сонымен бірге Путин бұл ұсыныстардың өзін қанағаттандырмайтынын айтты.
«Украина Қарулы күштерінде жеке құрамның апатты тапшылығы жағдайында олар мұны өздері үшін құтқару деп санайтын шығар. Бірақ Киев режимін құтқару біздің жоспарымызға кірмейді. Дегенмен қарсы тараптан түсетін әрбір ұсынысқа мұқият қараймыз», – деді Ресей президенті.
Осыдан кейін Путин Ресей әскерінің майдандағы әрекеттері туралы айтып, Батыс елдері Украина армиясының жетістіктері жөнінде мәлімдеп жүргеніне тоқталды. Оның пікірінше, егер Украина шынымен де жаңа аумақтарды бақылауына алып, жеңіске жетіп жатса, онда Батысқа атысты тоқтату немесе бейбіт келіссөздер туралы айтудың қажеті жоқ. Путин Ресей әскері алға қойылған мақсаттарға жету үшін әскери операцияны жалғастыратынын мәлімдеді.