Жетісу облысында 43 елді мекенде су тасқынының қаупі азайтылды

Ақтоты Жапатова 27 ақп. 2025 11:43 218

2025 жылға Жетісу облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға бюджеттен 1,8 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген,- деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінесілтемежасап.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Жетісу облысы көлемінде 2 372 км арық жүйесі, 768 км канал, 3 389 бірлік су өткізу құрылысы тазартылып, елді мекендерден 21 мың м3 қар шығарылды. Сонымен қатар 572 техника, 201 мотопомпа және 31 жүзу құралы әзір. Жетісу облысында төтенше жағдай кезінде тұрғындарды қабылдайтын 235 эвакуациялық пункт бар. 

Өңірде су басу қауіпі бар 47 елді мекен анықталып, соның 43-інде уақтылы қабылданған шаралардың арқасында қауіп азайтылды, ал қалған 4 елді мекенде алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылып жатыр.

Мәселен, Көксу ауданындағы Жарлыөзек, Мұсабек, Талапты және Мұқыры ауылдарындағы су бұру және дренаждық каналдарды механикалық тазарту және тереңдетіп қазу жұмыстарына 34 техника, 84 адам жұмылдырылған.

"Көксу ауданы бойынша су басу қаупін азайту үшін 9 тонна жанар-жағармай, 9 000 қаптар, 1500 тонна инертті материал, 12 дана мотопомпа дайындалды. Белгіленген жұмыстарды 1 наурызға дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз", - дейді Көксу ауданы әкімі аппаратының бас маманы Нарұл Абайұлы.

Ескелді ауданына келсек, мұнда Ешкіөлмес, Абай, Қарабұлақ ауылдарында су бұру мен дренаждық каналдарына тазарту және тереңдету жасалған, сол сияқты «ҚазСуШар» мекемесімен бірлесіп Тасарық, Төретоған, Деревенский каналдарын тазарту жұмыстары жүргізілді. Алдабергенов, Ешкіөлмес ауылдарында арық жүйелері қалпына келтіріліп, нығайтылды. Сонымен қатар «Сарыөзек-Көктал-Қоғалы-Көксу-Қарабұлақ» автожолының су өткізу құрылыстары қар мен мұздан тазартылды. Оған қоса Жаңалық ауылында Көксу өзені арнасын түзету мен жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуде.

Ескелді ауданы әкімдігінің мәліметінше, су тасқынының алдын алуға дайындық барысында 6,8 тонна жанар-жағармай, 1500 тоннаға жуық инертті материал, 8430 қап, 18 мотопомпа әзірленген. Дайындық жұмыстарына аудандағы азаматтық қорғаныс қызметінің 85 адамы мен 44 техникасы атсалысты.

"Жетісу облысында су тасқыны қаупі кезеңі екі толқынмен өтеді. Бірінші толқын – ақпаннан наурызға дейінгі айлар. Екінші толқын әдетте сәуірден маусымға дейінгі кезең. Наурыз айына жасалған болжамдарға сәйкес температураның көтерілуі күтілуде. Осыған байланысты ауаның күрт жылыну, мол жауын-шашын болған жағдайда елді мекендерді су басу қаупі бар. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында біздің департамент жергілікті атқарушы органдарға ұсынымдар жолдады. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бүгінгі күні Ескелді, Кербұлақ, Көксу аудандары мен Текелі қаласында су тасқынына қарсы тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар мұндай жұмыстар Ақсу ауданында да атқарылды", - дейді Жетісу облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ринат Тазабеков.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар