Жетісайлық кәсіпкер сабын мен кір жуғыш ұнтақ шығаруда

Dalanews 25 мам. 2023 12:22 1439

Орта және шағын бизнесті дамыту – Түркістан облысындағы жұмыссыздықты жоюда, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, өңірлердің экономикасын тұрақтандыруда шешуші фактор. Сондықтан да еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне жан-жақты жағдай жасалып, Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы тарапынан да айрықша назар аударылып отыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жан-жақты қолдаулар жеке кәсіппен шұғылданамын, кәсібімді кеңейтемін деушілерге мол мүмкіндіктерді қарастырған.

Осы орайда Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Асықата кентіндегі «Бегалы» жеке кәсіпкерлігінде болды.

2021 жылдың тамызында іске қосылған нысан бүгінде тәулігіне 2 мың дана кір сабын мен кір жуу ұнтағының құрғақ және сұйық түрлерінен 1 тоннаға жуық өнім өндіреді.

Өндірілген өнімдерді Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарымен қатар Шымкент, Алматы, Түркістан және Ақтау қалаларына тапсырыс бойынша жөнелтіп отырады. Жергілікті 4 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.


Шикізатты шет елден тасымалдайтын шағын цех басшысы Бауыржан Маханов алдағы уақытта тіс пастасы мен сусабын, кір жуғыштардың бірнеше түрін шығарып, кәсіпорынның қуаттылығын арттыруға ниетті. Ол үшін мемлекеттен қолдау, жеңілдетілген несие керек.

– Қазіргі уақытта кез-келген азаматтың кәсіп ашып, тірлігін бастауына, кәсібінің ауқымын кеңейтуіне мүмкіндігі зор. Бүгінгідей нарық заманында тынымсыз еңбек қана жоғары табысқа бастайтыны анық. Еліміздегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар кәсібін жаңадан бастайтын және көлемін арттыратын тұрғындарды жетістікке жетелейтінін көрсетіп отыр. Ең бастысы – мемлекет тарапынан ұсынылған қолдауларды мүлт жібермей, жеңілдетілген несиелерді орынды пайдалана білу керек. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі, – деді аудан басшысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар